Қазақ халқының тарихындағы ең күрделі де ауыр кезеңде елінің еңсесін тіктеп, ұлттың рухын оятуға бар ғұмырын арнаған, артына өлмес мұра қалдырған аса көрнекті ақын, жазушы, публицист, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Міржақып Дулатовтың шығармашылығын насихаттап, жас ұрпақ санасына ұлттық рух пен тәуелсіздік идеясын сіңіру мақсатында Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Жаңа ауыл ауылдық округіндегі Ынтымақ ауылының №9 кітапхана филиалының ұйымдастыруымен №20 Тұрар Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебінде 8-сынып оқушыларының қатысуымен «Ұлттың рухы» атты мазмұны терең поэзия кеші өтті. Шара шын мәнінде жас буынның жүрегіне ел мен жерге деген сүйіспеншілік дәнін егуге, ұлт болмысының алтын арқауын жалғауға бағытталған рухани-танымдық алаңға айналды. Қазақ әдебиетінің, журналистикасының және қоғамдық ойының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Міржақып Дулатов — ұлтының азаттығы жолында қаламын қару етіп, жанын шүберекке түйген тарлан тұлға. Поэзия кешінің шымылдығы кітапхана қызметкерлерінің жүрекжарды сөзімен ашылып, ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған тағылымды деректер ұсынылды. Әрбір айтылған сөз, көрсетілген дерек пен әдеби дәйек — тыңдаушылардың таным көкжиегін кеңейтіп, Міржақып мұрасының ұлылығына көз жеткізді. Кеш барысында оқушылар ақынның Отанға деген сүйіспеншілікке, еркіндікке, ерлік пен елдікке үндеген жалынды жырларын жатқа оқып, көркемсөз оқу шеберлігімен өз ойларын ұлт тағдырымен өрнектей білді. «Оян, қазақ!» деп жалындап сөйлеген, халқын қараңғылықтан оятуға шақырған ақынның әрбір өлең жолы — тек әдеби шығарма емес, ұлттың жүрегінен шыққан үн, санаға әсер ететін сарқылмас күш екенін жас орындаушылардың тебіренісінен анық байқауға болды. Кешке жиналған ұстаздар мен оқушылар ақынның шығармаларын тыңдай отырып, оның қайраткерлік бейнесіне, ұстанған мұраттарына, Алаш қозғалысындағы тарихи орнына терең бойлады. Кітапхана қызметкерлері арнайы дайындаған «Міржақып — ұлттың рухы» атты әдеби-танымдық көрме оқушылар назарына ұсынылып, ондағы қойылған еңбектер мен деректі материалдар негізінде ақын шығармашылығына шолу жасалды. Бұл көрме арқылы Міржақып Дулатовтың ақындық қырынан бөлек, оның ағартушылық, ұстаздық, саяси және публицист ретіндегі еңбектері де көпшілікке кеңінен таныстырылды. Әдебиет пен тарих, рух пен ұрпақ сабақтастығы үндескен бұл көрме, іс-шараның тәрбиелік әлеуетін арттырып, жас ұрпақтың тарихи танымын тереңдетуге мол мүмкіндік берді. Сонымен қатар, кешке қатысқан оқушылар Міржақып Дулатовтың еңбектерімен танысып қана қоймай, Алаш идеясының негізін қалаған тұлғалардың мақсат-мұраты, азаттық жолындағы күресі туралы ой бөлісіп, қазіргі тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде олардың арманын жалғау — өздерінің қасиетті борышы екенін ұғынды. Кеш соңында мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы сөз сөйлеп, жас ұрпақтың бойында елжандылық пен рухани тазалықты қалыптастырудағы мұндай іс-шаралардың маңызын атап өтті. Олар кітапхана ұжымына алғыс білдіре отырып, әдеби мұраны дәріптеудің, әсіресе, Міржақыптай қайраткердің өшпес еңбегін насихаттаудың бүгінгі күні ерекше қажет екенін баса айтты. «Ұлттың рухы» атты бұл кеш — бір ғана әдеби жиын емес, ол — тарихтың үнін естірткен, ерлік пен намыстың отын жаққан, ұрпақ жүрегіне ұлт тағдырын аманат еткен рухани кемелдік алаңы болды. Осындай тағылымды басқосулар арқылы біз бабалар аманатына адалдық танытып, келешек ұрпақты ұлттық рухпен сусындата аламыз. Міржақып Дулатовтың асыл мұрасы — әрдайым ел жадында, ұлттың рухани тірегі ретінде жалғаса береді.