Келес ауданында ауыл ішілік жолдарды жөндеу жұмыстары биыл да жүйелі түрде жалғасып, ел игілігіне айналуға бет алды. Аудан көлемінде барлығы 33,8 шақырымды құрайтын көшелер мен жол учаскелері жаңартылып, жаңа кейіпке еніп келеді. Бұл жұмыстар бүгінде бірнеше ауылдық округте қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Жамбыл елді мекенінде Ш.Тұрсынбаев көшесінің 2,6 шақырымына асфальт төселіп, тұрғындар үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптасуда. Бұл істі кәсіби мердігер ұйым – «Сарыағаш Сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Сонымен қатар, осы округтің Алғабас, Жаңақоныс және Қарабура ауылдарындағы төрт көше бойына шағал тас төселіп, асфальт салуға дайындық қызу жүргізілуде. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 11 шақырымға жуық. Жол сапасының талапқа сай орындалуын қамтамасыз ету мақсатында «СК Құрылыс инжиниринг» және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» тарапынан тұрақты техникалық бақылау жүргізіліп отыр. Айта кетейік, бүгінде аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1172 шақырымға жеткен. Өткен жылы 2 көше аудандық бюджет есебінен, ал 16 көше «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында толық жаңартылып, асфальтталған болатын. Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда аудан көшелерінің 61 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық күйде. Биылғы жылы да аталмыш бағдарлама аясында 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілу көзделіп отыр. Оның ішінде Ошақты ауылдық округінің Қоңыртөбе мен Береке елді мекендерінің төрт көшесі және Жүзімдік ауылдық округіне қарасты Жүзімдік ауылының он бір көшесі қамтылып отыр. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 17,7 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, Абай ауылындағы Жамбыл, Асан Қайғы, Б.Қырғызалиев, Төле би, Ә.Жылқышиев гүлзары мен Т.Рысқұлов көшесінің батыс бөлігіне де ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Барлық жұмыстар сәтімен аяқталғанда, аудан бойынша ішкі көшелердің 65 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жетіп, тұрғындардың жүріп-тұруына, тұрмыс сапасының артуына оң ықпал ететін болады.