Түркістан облысында балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық қорғалуы – білім басқармасының тұрақты бақылауындағы маңызды мәселе. Қазіргі қоғамдағы күрделі өзгерістер балалардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған нақты және жүйелі шараларды қажет етеді.
Осы бағытта облыстық облыстық психологиялық қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздік мәселелері» тақырыбында I тоқсан қорытындысына арналған әдістемелік мәжіліс өтті.
Жиынға өңірдегі психологтар, әлеуметтік педагогтар, білім бөлімдерінің әдіскерлері қатысты. Басқосуда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмысты күшейту, мектепішілік есеп жүргізу, буллинг пен кибербуллингке қарсы әрекет ету, сондай-ақ, осындай жағдайларға тап болған балаларға дер кезінде көмек көрсету жолдары талқыланды.
Психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасованың айтуынша, әрбір білім беру мекемесінде психологтар мен әдіскерлер өз міндеттерін сапалы атқаруы тиіс және бұл жұмыстар қатаң бақылауға алынады.
– Семинарда талқыланған маңызды мәселе – әлеуметтік жағдайы төмен және жайсыз отбасылармен жұмысты жандандыру, мектепішілік есепке алуды жүйелі түрде жүргізу. Балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа, буллингке және кибербуллингке ұшыраған немесе оның куәгері болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтап, оларға тиісті көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажет. Сонымен қатар білім бөлімдеріндегі психологиялық әдіскерлердің лауазымдық міндеттеріне сай сапалы жұмыс атқаруын қадағалау басшылық тарапынан бақылауға алынуы тиіс деген ұсыныс айтылды, – дейді «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Оразкүл Шайхықызы.
Айта кетейік, Түркістан облысында балаларды қолдау орталығы облыс әкімінің қаулысымен өткен жылдың шілде айында құрылды. Орталықтың басты мақсаты – балалардың, ата-аналар мен педагогтардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған бірыңғай жүйелі қызметті қалыптастыру.
