RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Бабалар үні – рухты жаңғыртқан жыр сайысы

Рухани астанамыз Түркістанда ел тарихы мен тілін құрмет тұтқан этнос жастарының басын біріктірген тағылымды шара – «Бабалар үні» байқауы жоғары деңгейде өтті. Бұл — қазақтың ғасырлар қойнауынан жеткен эпостық мұраларын заманауи жастардың санасына сіңіру, ұлттық әдебиет пен мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін этнос өкілдері арқылы дәріптеу бағытындағы ерекше мәдени бастама болды.

Аталған жыр сайысы – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылып, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің үйлестіруімен ұйымдастырылды. Байқау еліміздің көпэтносты, көпмәдениетті қоғамындағы татулық пен бірліктің белгісіндей өтіп, қазақтың эпостық жырларын жатқа айтқан этнос жастарының өнері арқылы бейбітшілік пен рухани сабақтастықтың берік негізін айшықтап берді.

Шара Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» салтанатты жағдайда ашылып, рух пен өрліктің лебін сездірді. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов құттықтау сөз сөйлеп, бұл байқаудың жастардың бойындағы отансүйгіштік сезімді оятуға, мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысты арттыруға, сонымен қатар ұлттық мұрамызға деген терең құрметті қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, «Бабалар үні» – тек әдеби байқау емес, бұл – ел болашағы жастарды рухани биікке жетелейтін маңызды алаң.

Байқауға Түркістан облысына қарасты барлық аудан-қалалардан келген түрлі этнос өкілдері қатысып, бабалардан қалған батырлық жырларды жатқа айтты. Олар тек мәтінді жаттап қана қоймай, әрбір шумақты жүрекпен сезініп, көрерменге шынайы жеткізе білді. Байқау барысы – тілді жатсынып емес, құшақ жая қарсы алған, руханиятты бағалап, қазақ халқының тарихын таныған жастардың шеруіне айналды.

Қатысушылардың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында өңірдегі білім мен мәдениет саласының кәсіби мамандары болды. Атап айтқанда, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дайындық орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бегімжан Айтбаев, сондай-ақ №34 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог-шебер, магистр Жансая Шорабекова қатысып, әділ бағасын берді.

Қазылар қатысушылардың жырды жатқа айту шеберлігіне ғана емес, дауыс ырғағы, тіл тазалығы, сахналық мәдениеті және көркемдік жеткізу қабілетіне де айрықша назар аударды. Эпосты мәнерлеп айту – құр мәтінді жаттап шығу емес, сол жырдағы рухты, мазмұн мен мағынаны жүрекпен сезініп, тыңдаушыға шынайы әсермен жеткізу екенін байқау барысында анық көруге мүмкіндік туды.

Байқау қорытындысында, Түлкібас ауданынан келген Азиза Кажиева үздік өнерімен дараланып, 1-орын иегері атанды. Оның орындауындағы жыр – терең мазмұнмен ғана емес, ерекше әсермен, жүректі тербейтін толғаныспен орындалды. 2-орынды Сарыағаш ауданынан келген Ойниса Алаярова жеңіп алса, 3-орынға Жетісайдан келген Наргиза Гайбуллаева лайық деп танылды. Сонымен қатар, ерекше ықыласқа ие болған бірнеше қатысушы ынталандыру сыйлықтарымен және арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Жеңімпаздарға табысталған қаржылай сыйлықтар – олардың еңбегіне берілген құрмет қана емес, рухани мұраны бойына сіңіріп, қазақ халқына деген құрметін өнерімен дәлелдеген жас ұрпаққа деген мемлекет атынан жасалған қолдау. Бұл — олардың рухани ізденісін тоқтатпай, болашақта да қазақ мәдениетінің шынайы жанашыры болуына жол ашатын мотивациялық қадам.

Осылайша, «Бабалар үні» атты эпос жырын жатқа айтудан өткен байқау – этностар арасындағы рухани көпірге айналып, мемлекеттік тіл мен ұлттық әдебиетке деген ықыласты тереңдете түсті. Бұл — тек жарыс емес, жүректен шыққан жыр мен ықыластан өрілген бірлік тойы. Этнос өкілдері қазақ руханиятына үлес қосып қана қоймай, өзінің осы елдің тең құқылы азаматы екенін, ортақ тарих пен болашақтың иесі екенін іспен дәлелдеді.

Ұлт пен ұлыстың бір арнада тоғысуына негіз болған осындай мәдени байқаулар — елдің берекесі мен тұтастығының нышаны. «Бабалар үні» – бабалар аманатын жалғаған жас буынның рухани шеруі, ел болашағына деген үміт пен сенімнің көрінісі болды. Ұлттың асыл мұрасы — жырлармен түлеген рухтың, тұтастығымыздың символына айналды.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан – су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы тұрақты аграрлық даму жолында

ШАРДАРАДА 4 КАНАЛ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП, 1306 ШАҚЫРЫМ ҚАШЫРТҚЫ ТАЗАЛАНУДА

redaktor_rastimes

Ауыл шаруашылығы министрлігі топырақты қалпына келтіру үшін көміртекті егіншілікті енгізеді

redaktor_rastimes

Пікір жазу