RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Арыстың дарынды шәкірттері Стамбұл төрінде ел намысын қорғап, жеңіс туын желбіретті

Білім мен ақылдың жаһандық бәйгесінде қазақ балалары тағы бір мәрте мерейімізді үстем етті. Маусым айының 20 жұлдызында Түркияның Стамбул қаласында өткен халықаралық білім олимпиадасында Арыс қаласының үміттері ел абыройын асқақтатып, жүлделі орындармен оралды. Бұл дүбірлі додаға Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Біріккен Араб Әмірліктері секілді мемлекеттерден келген 150-ден астам дарынды оқушы қатысты. Білім сайысы менталды арифметика, математика және ағылшын тілі пәндері бойынша өтті.

Қазақстанның атынан олимпиадаға 18 оқушы қатысқан болса, олардың ішінде Түркістан облысы, Арыс қаласының оқушылары да бар еді. Арыстан барған білімпаздар өз қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетіп, әлемдік сахнада топ жарып, ел үмітін ақтады.

Атап айтқанда, Арыс қаласындағы «GoldenBrain» оқу орталығының оқушылары тамаша нәтиже көрсетіп, озық ой, терең білімдерімен дараланды. Жарыс қорытындысы бойынша:

🥇 Елеусіз Анель – алтын медаль иегері
🥇 Мейіржан Алинұр – алтын медаль иегері
🥈 Қашқынбай Абылай – күміс медаль иегері атанды.

Айрықша атап өтерлігі – Абылай мен Алинұр Қырғызстанда өтетін менталды арифметикадан әлемдік додаға жолдама жеңіп алды. Бұл – олардың әлемдік деңгейде білімін дәлелдеп қана қоймай, Арыс қаласының, ұстаздарының, ата-аналарының еңбегін ел алдында паш ететін үлкен мүмкіндік.

Халықаралық аренада білімнің биігін бағындырған жас қырандарымыздың бұл жеңісі – күнделікті тынымсыз еңбектің, жанқиярлықпен тәлім берген ұстаздарының төккен терінің және сапалы білім берудің нақты жемісі. Олар тек өздерінің ғана емес, күллі қазақ елінің мәртебесін асырды.

Осындай жас зияткерлеріміздің арқасында болашағымыздың нұрлы екенін нық сеніммен айта аламыз. Бұл жеңіс – білімге деген құштарлық пен қажырлы еңбекке құрылған жолдың нәтижесі. Арыс қаласының дарынды жастары бұдан әрі де әлемдік деңгейдегі зияткерлік аламандарда топ жарып, ел мақтанышына айнала беретініне сенеміз.

Жеңімпаз оқушыларымызды, олардың ата-аналарын және білімнің шамын жағып жүрген ұстаздарын шын жүректен құттықтаймыз! Еліміздің көкжиегін кеңейтіп, көк туымызды биікте желбіреткен білім сарбаздарына алғысымыз шексіз!

Ұқсас жаңалықтар

Сарыағаштағы ауыл ажары артып келеді: Жемістіде аяқжол төселіп, жарық шамдары орнатылды

ИНВЕСТФОРУМДА 301 МЛРД ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕГІ 35 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Созақ жолдары жаңарып, ауыл келбеті ажарлануда

redaktor_rastimes

Пікір жазу