Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әділет органдарын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жасанды интеллект мүмкіндіктерін одан әрі қолдана отырып, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру, көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету жолдары туралы баяндады.
Әділет органдары мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етуде, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда маңызды рөл атқарады. Алдағы кезеңге стратегиялық бағдарлар Президенттің «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында анықталған.
Баяндама барысында министр Мемлекет басшысының жасанды интеллект пайдалана отырып, цифрлы экожүйені құрумен толық цифрландыру туралы тапсырмасын орындауда әділет органдарының қызметін дамыту бағыттарына кеңінен тоқталды.
«Бірінші, мәжбүрлеп орындату мәселесі бойынша халық тарапынан негізді сын жиі айтылады (2024 жыл ішінде бұл сала бойынша 89 мың шағым келіп түскен, өтініштердің жалпы санының 63%-ын құрады). Біздің мақсатымыз – азаматтардың аталған институтқа деген сенімін қалпына келтіру. Бұл ретте жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануды жалғастырамыз», — деді Ерлан Сәрсембаев.
Ведомство басшысының сөзінше Робот сот орындаушысы арқылы оңайлатылған іс жүргізуді одан әрі дамыту жалғасады. Робот арқылы өндіріп алу сомасын 20-дан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін кеңейту жоспарланған. Бұл азаматтардың қаржысын үнемдеуді арттырады.
«»Цифрлық ассистент» енгізе отырып, «Өндіріп алушы мен борышкердің жеке кабинетін» пысықтаймыз. Ассистент істің орындалу барысын толық көрсетеді. Ал өндіріп алушы мен борышкер сот орындаушының қабылдаған және қабылдауы тиіс шарасын көре алады. Бұдан былай осы платформада тараптар сот орындаушының әрекетімен немесе әрекетсіздігімен келіспеген жағдайда шағымдана алады. Ұсыну мерзімі өтуіне байланысты кері қайтарылған атқарушылық құжаттар бойынша мүлікке салынған тыйымды, елден шығуға уақытша шектеуді, борышкерлер тізілімінен шығаруды уақтылы орындамау мәселесін автоматтандыру арқылы шешу жоспарлануда», — деді министр.
Сонымен қатар Үкімет отырысында әділет министрі Заңгерлік қызметтер, атқарушылық жазба жасау механизмін жетілдіру жұмыстарына да назар аударды. Өкінішке қарай, аталған мәселе бойынша теріс көзқарас қалыптасқан. Атқарушылық жазбалар борышкердің жазбаша мойындауы болмаса да жасалған. Оның үстіне борышкерлердің тұрғылықты жері сақталмаған. Мұны микроқаржы ұйымдарымен, коллекторлық компаниялармен және жеке сот орындаушымен алдын ала келісім бойынша өз пайдасын ойлайтын нотариустар жасаған.
Осыған орай, Министрлік көрсетілетін қызметтің ашықтығын қамтамасыз ететін бірқатар жүйелі қадамдар жоспарлап отырғанын жеткізді.
- «Е-нотариат» ақпараттық жүйесінде «Тараптардың жеке кабинетін» биометриялық сәйкестендірумен ашуды қамтамасыз ету.
- «Жеке кабинет» арқылы өндіріп алушы мен борышкерге қарсылық беру не берешекті уақтылы төлеу мүмкіндігін беру;
- жазбаша мәмілелер бойынша атқарушылық жазбаларды автоматты түрде бөлу арқылы өндіріп алушы мен жеке сот орындаушының келісуін жою;
- борышкердің аумақтық қағидатының сақталуын бақылау;
- Нотариустардың басқа өңірдің атқарушылық жазбасын жасауына тыйым салу;
Тараптарға атқарушылық жазба жасалғаны туралы SMS-хабарламалар жіберу пилоттық жобасы іске қосылған. Алғашқы нәтижелер бар. Мәселен, борышкерлер нотариустардан жасалған атқарушылық жазба туралы хабарлама алып, берешегін уақтылы төлеуде. Тағы бір бастама – келісімдерді куәландыру бойынша онлайн іс-әрекеттің түрлерін кеңейту. Нотариустардың онлайн кеңес беруін арттыру.
Сонымен қатар ол Министрлік көрсетілетін заң көмегінің атаулылығы мен сапасына ерекше назар аударатынын алға тартып, азаматтардың өтеусіз негізде құқықтық кеңес алу тетігі пысықталып жатқанын жеткізді. Қазір азаматтар мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында кеңес алу үшін адвокаттарға немесе заң кеңесшілеріне жүгінеді. Бұл рәсімді оңтайландыру үшін азаматтарға «үйден шықпай» кеңес беруге арналған чат-ботты енгізу ұсынылады.
«Құқықтық кеңес беруден босаған қаражатты сот өкілдігіне еңбекақы төлеу тарифтерін ұлғайтуға жіберу ұсынылады. Заң консультантының қызметі бойынша мамандыққа кіру, азаматтыққа қатысты талаптарды, бірыңғай стандартты, заңгерлік көмек көрсетудің сапа өлшемдерін, заңгердің кәсіби әдеп кодексін бекіту пысықталуда», — деді Ерлан Сәрсембаев.
Атап өтетін тағы бір жайт – Сот-сараптама қызметі. Аталған мәселеде Министрлік үш негізгі бағытқа басты назар аударады.
- Сот-сараптамасы қызметінің әдістемелерін, онда сарапшының да, оны тағайындайтын органдардың да сараптама тағайындау кезіндегі әрекеттерінің қадамдық алгоритмі көзделетін стандарт деңгейіне дейін жетілдіру. Бұл сараптама жүргізу уақытын, «негізсіз» сараптамалар санын қысқартуға көмектеседі және олардың сапасын арттырады.
- Сараптама қызметін автоматтандыру арқылы сараптама жүргізудің ашықтығын күшейту. Пилот ретінде күрделі емес екі-үш сараптаманы автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллектті пайдалана отырып, «Е-сараптама 2.0» ақпараттық жүйесінің жаңа нұсқасын әзірлеу қажет. Себебі қолданыстағы жүйе заманауи талаптарға сай келмейді. Оны басқа ақпараттық жүйелермен, жабдықтармен біріктіру мүмкін емес. Бұл зерттеуді жүргізу кезінде сарапшының іс-әрекетін қадағалауға, сондай-ақ зерттеу кезінде, сарапшының іс-әрекетінде және әрекетсіздігінде болуы мүмкін ауытқулар туралы ескертуге мүмкіндік береді. Жүйенің өзінде зерттеу жүргізуге және «қателіктердің» адами факторын болдырмауға мүмкіндік беретін функция қарастырылады. «Виртуалды аутопсияны» енгізу жоспарлануда. Бұл – мәйітке зерттеу жүргізу үшін компьютерлік томографияны қолдану. Зерттеу мәйітті кеспей жүргізіледі, бұл ұлттық және діни дәстүрлермен қайшылықтың болмауына көмектеседі.
- Сот сараптамалары орталығының өз шығынын өзі өтеуін арттыру, оны ұйымдастырушылық-штаттық оңтайландыру (мәселен, Орталықтың штат саны – 2 782 бірлік болса, сарапшылардың үлесі – 1 216 бірлік).
Сонымен қатар шарттық негізде жүргізілетін зерттеулер спектрін кеңейту жоспарлануда. Бұл Орталықтың кірісін ұлғайтып, оның материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселесіне тоқталып өтсем. 2024 жылы күз айында орын алған қазақстандық музыканы Meta платформасынан алып тастау оқиғасы ұжымдық басқару саласындағы кемшіліктерді айқын көрсетті. Көптеген танымал авторлар мен орындаушылар өздерінің осы платформадағы шығармалары үшін сыйақы алмағандары туралы шағымданды.Осыған орай, аталған саланы цифрландыру қажет. Авторлар мен өзге де құқық иеленушіге барлық кезеңді, яғни келісім-шарт жасаудан бастап, сыйақы жинау, бөлу және төлеуге дейін онлайн форматта қадағалауға мүмкіндік беру жоспарлануда», — деді Ерлан Сәрсембаев.
Жалпы жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформаны енгізу мәселесі пысықталуда. Атап айтқанда, талдау және есептілік жүйесі (мемлекеттік тізімге енгізілген объектілер бойынша), тіркелген зияткерлік меншік объектілері бойынша іздеу жүйелерін жетілдіру, авторлар мен құқықиеленушілерге арналған мобильдік қосымшаны әзірлеу, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияны кеңейту.
Ведомство басшысының сөзінше әзірленетін заң жобаларының, заң жобалау жұмысын жоспарлаудың сапасын арттыру, сондай-ақ заңнаманың тұрақтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың болжамды-талдамалық жұмысын, тиісті салалардағы құқық қолдану тәжірибесіне терең жүйелі талдау жүргізе отырып түбегейлі күшейту шаралары қабылданады..
Құқық нормаларының жекелеген кемшіліктерін анықтауға бағытталған құқықтық мониторинг, жүйелі нормашығармашылық қызметті қамтамасыз ету үшін заңнама саласындағы нормативтік реттеудің тиімділігін талдауға қайта бағдарланады.
Ол үшін мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің рөлін барынша күшейту талап етіледі. Сапалы құқықтық реттеуді қалыптастыру және заң сараптамасының сапасын арттыру мақсатында заңнамалық бастамаларды іске асыру кезінде нақты «пакеттік» қағидатты қамтамасыз ету шаралары қабылданады.
«Заңға тәуелді актілерді бірге әзірлеу қажеттілігі жаңадан қойылған талап еместігіне қарамастан, оған немқұрайлы қарайды, заң жобасының шұғылдығына орай, оны екінші орынға қояды. Бұған қоса, аталған талаптар Үкімет қорытындысының аясында депутаттар бастамасын қарау кезінде ескерілмейді. Заңға тәуелді актілерді алдын-ала әзірлеу заң жобасында белгіленген барлық механизмдерді процедуралық элементтерге дейін ашуға мүмкіндік береді», — деді Ерлан Сәрсембаев.
Баяндама барысында Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылатын негізгі басым бағыттарға тоқталып өтті.
«Ашық НҚА» порталының әлеуетін кеңейту арқылы халықтың нормашығармашылық процеске қатысуын арттыру, сондай-ақ бастамаларды халықпен көзбе-көз тікелей талқылауды қамтамасыз ететін жария тыңдауларды және өзге де іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесін кеңейту, «Әділет» қол жетімді платформасын жаңғырту арқылы халық арасында құқық түсіндіру жұмысын күшейту жұмыстары баса айтылды.
Ұсынылған жаңа тәсілдерден қандай тиімділік күтеміз.
- Халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру, көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету.
- Қызмет көрсету процестерін қосымша бюджет қаражатынсыз және жасанды интеллект элементтерімен жаңғырту.
- Аумақтық әділет органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың жұмысын оңтайландыру.
Сөз соңында, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Министрлік Президенттің, Премьер-министрдің алға қойған міндеттерін іске асыру жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.
Дереккөз: primeminister.kz