«Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жиыны аясында өткен спорттық сайыстар – жастардың тек дене күшін емес, рухын да шыңдаған айтулы жарыстарға айналды. Белтемірге тартылу мен арқан тарту секілді жарыстар – сырттай қарағанда қарапайым жаттығулардай көрінгенімен, олардың ар жағында қажымас қайрат, табандылық пен командалық рухтың терең көрінісі жатқан еді.
Бұл жарыс – жай ғана бәсеке емес, жастардың ерік-жігері мен намыс туын биік ұстай білетінін анықтайтын шынайы сын. Бір шетінен жеңіс қуанышы жүректі елжіретсе, енді бір тұста жеңіліс ащы жаспен көмкеріліп жатты. Бірақ осы сәттердің әрбірі — мінез тәрбиесінің алтын кірпіші. Себебі жеңімпаз болу – тек күштің ғана емес, төзімнің, ұжымдық бірліктің, рухтың биіктігін көрсететін үлкен мектеп.
Осы сындарлы додада Түркістан облысының абыройын қорғап шыққан «Жас Қыран» командасы шын мықты екенін дәлелдеді. Олар асқан ептілік пен шынайы команда үйлесімділігін көрсетіп, белтемірге тартылуда да, арқан тартуда да өзгелерден оқ бойы оза шауып, жүлделі І орынды қанжығасына байлады. Бұл жеңіс – олар үшін жай бір марапат емес, туған елдің намысы мен болашағы жолында аянбай тер төге алатынын дәлелдеген мерейлі мәртебе.
Тән мен жанды қатар тәрбиелейтін осындай рухани әрі физикалық бәсекелер жас сарбаздардың бойында ертеңге деген сенім мен жауапкершілікті бекемдей түсетіні сөзсіз. Себебі ерлік — тек майдан даласында ғана емес, мінезбен шыңдалатын қасиет. Ал «Жас Қыранның» жеңісі — соның айқын айғағы.