RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Жетісай өркендеудің жаңа белесінде: медицина, спорт және агросалада тың серпін

Күннен-күнге кемелденіп келе жатқан Жетісай ауданы биыл бірқатар маңызды жобалармен ел назарын өзіне аударып отыр. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, жастарға спорттық мүмкіндіктер ұсыну, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру – аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлердің ортақ мақсатына айналған. Осы орайда, аудан аумағында жүзеге асып жатқан бірнеше ірі жобамен өңірлік БАҚ өкілдері арнайы барып танысты.

Асықатада заманауи медициналық орталық бой көтерді

Ауданға қарасты Асықата кентінде халық игілігіне арналған маңызды нысан – «Samruk Medical clinic» медициналық орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Жеке кәсіпкердің инвестициялық қаржысы есебінен бой көтеріп жатқан бұл медициналық кешен ауыл тұрғындарына заманауи медициналық қызметті қолжетімді етуді көздейді. Орталықта түрлі сала бойынша 130 жоғары санатты дәрігер еңбек ететін болады. Бұл – ауыл медицинасының ауқымын кеңейтетін бірегей қадам.

Клиникада заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханалар, балалар мен ересектерге арналған екпе бөлмелері, күрделі оталар жасалатын бөлімдер қарастырылған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы болу үшін жеделсаты орнатылған. Тәуліктік стационар 40, күндізгі стационар 10 төсек орынмен қамтылып отыр. Ал терапия мен травматология бөлімдері тиісінше 20 және 10 орынға лайықталған. Қызмет көрсетуге әзір орталық заманауи жедел жәрдем көліктерімен де толыққан.

Жетісайда алғашқы теннис орталығы ашылады

Білім мен денсаулық қатар жүрсе, спорт оның рухани тірегі. Осы бағытта Асықата елді мекенінде бой көтеріп жатқан заманауи теннис орталығы – аудан үшін тарихи жоба. Құны 1 млрд теңге болатын кешеннің құрылысын «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігі қолға алған. Бір гектар аумақта орналасқан нысан бір мезетте 200-ге жуық адамды қабылдай алады.

Жаттығу залдарының бірі 9 теннис үстелімен жабдықталса, екіншісінде 3 күрес кілемі, бокс рингі және жаттығуға арналған құрал-жабдықтар орналастырылған. Бұл кешен – жеткіншектерге спортты сүйіп өсіп, үлкен ареналарға жол ашатын нағыз мүмкіндік. Орталық іске қосылған соң, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдай алатын толыққанды спорт базасы пайда болмақ.

Агросалада – үнемділік пен өнімділік қатар

БАҚ өкілдері сапар барысында Абай ауылдық округіне қарасты Халықтар Достығы елді мекеніндегі «Смайл» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен де танысты. Қожалық биыл 230 гектар жерге мақта, көкөніс және бақша дақылдарын еккен. Алқаптың басым бөлігіне су үнемдеу технологиясы енгізіліп, 177 гектар жер осы әдіспен суарылып жатыр.

Гектарына кететін шығынның 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады, қалған 20 пайызын шаруа өзі көтереді. Ал нәтиже – өнім көлемінің 2-2,5 есеге дейін артуы, – дейді қожалық басшысы Смайл Әуезов.

Қауын-қарбызбен танылған Жетісай егіншілері де алғы шепте

Шаруалар қауын-қарбыз жинау науқанын бастап та кеткен. 20 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан жергілікті шаруа Қайрат Жақыпов биыл 30 гектар жердің 15 гектарына «Бакинка» қауын сортын ексе, қалғанына мақта шитін сепкен. Ерте көктемде отырғызылған көшеттер биылғы ауа райының әсерінен 65 емес, 70 күнде пісіп-жетілген. Алайда өнім сапасы мен көлемі көңіл көншітерлік.

Ауыз су – ауыл өмірінің өзегі

Тұрғындар игілігі үшін атқарылып жатқан тағы бір маңызды бағыт – ауызсу жүйесін толық жаңарту. Облыс әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасымен Жетісай ауданындағы 105 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Аудан көлемінде 83 су ұңғымасы, 85 мұнара, 24 су сақтау қондырғысы санитарлық талаптарға толық сай жұмыс істеп тұр. Жалпы ұзындығы 1197 шақырымды құрайтын су құбырларының 81,5 пайызы қанағаттанарлық деңгейде.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан төріндегі білім мерекесі: мыңдаған түлек алтын үмітпен қадам басты

Қазақстандық спортшылар жеңіс тұғырында

Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасын қабылдады

redaktor_rastimes

Пікір жазу