RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Жас жүректерде оянған жауынгерлік рух

«Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жиыны аясында ұйымдастырылған көрме жас ұрпақтың жүрегінде ұлт қорғаны – армияға деген терең қызығушылық пен мақтаныш сезімін ұялатты. Әскери техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілері қойылған кең ауқымды көрме жасөспірімдердің назарын бірден аударып, оларды отан қорғаушылардың мызғымас қуаты мен қаһарман бейнесімен жақыннан таныстырды. Жай ғана көрмеден гөрі, бұл — ел қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтап тұрған сарбаздардың өміріне, әскери дайындық пен жауынгерлік тәртіпке, қуатты қарулану жүйесіне деген шынайы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған тағылымды саяхат болды.

Жас патриоттар назарына ұсынылған әскери-тарихи мұражай экспозициялары – ерлік пен елдікке құрметтің символы. Майдан даласынан жеткен сарғайған хаттар, батырлардың жүрегінен шыққан соңғы сағыныш сөздері мен үнсіз мұңға толы жолдаулары — бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын ұғындыратын үнсіз шежіре іспеттес. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың жеке заттары мен Ұлы Отан соғысының өзге де қаһармандарының мұралары жас жеткіншектерді терең ойға жетеледі. Қолымен ұстаған, көзімен көрген жәдігерлер арқылы олар тарихпен тілдескендей күй кешті.

Бұл көрме – тек танымдық шара ғана емес, болашақ Отан қорғаушылардың жан дүниесіне патриоттық рух сіңіретін, жүрек түбінде елге адал қызмет етуге деген ұмтылысты оятатын ерекше алаң болды. Әскери техниканың қуаты мен батырлардың рухани күші тоғысқан осы бір сәттер жас буын үшін ұмытылмас әсерге айналып, олардың санасында ел мен жердің шынайы қорғаушысы болуға деген сенімділік дәнін септі. Жасөспірімдер үшін бұл көрме — ар-намыс пен ерлікке апарар жолдың алғашқы қадамына айналды.

Ұқсас жаңалықтар

ҰОС АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

redaktor_rastimes

«Тұран су» кәсіпорны І кезең бойынша 14 жобаны іске асырады

Қымыздан балмұздақтың 18 түрін шығарады

redaktor_rastimes

Пікір жазу