Түркістан облыстық дін істері басқармасы жанынан құрылған «Ынтымақ-Түркістан» клубының кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиында «Дін мен дәстүр – зайырлы қоғам кепілі» тақырыбы арқау болды. Аталған клуб құрамына облыстағы алты діни конфессияның өкілдері мүше. Клубтың бұл жолғы мәжілісіне арнайы шақырылған меймандар қатарында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Қасымбеков Жүсіпбек Айдарбекұлы болды.
Жиынды Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахым Сабыржанұлы жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселені кеңінен талқылауға бағыт берді. Басқосуда қоғам үшін өзекті мәселелер – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, нашақорлықпен күрес, интернет алаяқтықтың зияны, сонымен қатар бүгінде жастар арасында белең алып бара жатқан лудомания (құмар ойындарға тәуелділік) тақырыптары қозғалды. Бұл проблемалармен күресте тек құқық қорғау саласы емес, дін өкілдері мен бүкіл қоғам бірігіп жұмыс істеу керек екені айтылды.
Жиын барысында қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, діни келісімді нығайту, ұлтаралық ынтымақты арттыру, жалпы ел бірлігін сақтау сынды маңызды мәселелерге ерекше назар аударылды. Рухани мазмұны терең бұл жиында түрлі діни конфессия өкілдері сөз алып, қоғамды толғандырып отырған тақырыптарға өз көзқарастарын білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Атап айтқанда, Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы Төлепов ұлттық қауіпсіздік пен діни тұрақтылық мәселесін тілге тиек етіп, дәстүрлі ислам құндылықтарының қоғамдағы рөлін баяндады. Шымкент және Түркістан епархиясының шіркеу және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінің басшысы Александр Валерьевич Могилевский, сондай-ақ «Свято-Никольский приходы» православиелік діни бірлестігінің жетекшісі Виталий Александрович Смольянов өз кезегінде дінаралық келісім мен төзімділікті сақтау қажеттігін алға тартты.
Жиында сөз алған Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің оқытушысы Жүсіпбек Айдарбекұлы да дін мен дәстүрдің сабақтастығы, олардың қоғамдағы орны мен ықпалы туралы мазмұнды ой қозғады. Сонымен қатар, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары Елдос Заманханұлы Бориев ақпараттық-ағартушылық жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
«Елуліктер толық інжілдік христиан шіркеуі» бірлестігінің жетекшісі Павел Владимирович Семлянских бүгінде үлкен алаңдаушылық тудырып отырған нашақорлық проблемасын көтеріп, бұл әлеуметтік дертпен күрес – барша қоғамның ортақ міндеті екенін айтты. Ал «Жетісай қаласының інжілдік мәсіхші-баптистердің қауымы» бірлестігінің жетекшісі Валерий Иванович Братан қоғамдық келісім мен бейбітшіліктің мәніне тоқталып, түрлі ұлт пен дін өкілдері арасындағы өзара сыйластықты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында клуб мүшелері алдағы уақытта мұндай отырыстарды тоқсанына бір рет тұрақты түрде өткізу жөнінде ортақ шешімге келді. Сондай-ақ, облыс тұрғындары арасында қоғам үшін маңызды мәселелерге байланысты кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет деп танылды. Бұл рухани және әлеуметтік маңызы зор кездесулер өңірдегі татулықты, ұлттар мен діни топтар арасындағы түсіністік пен өзара сыйластықты нығайта түсері сөзсіз.