RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарМәдениет

Ұлттық рух пен өнердің үндестігі: Қазығұртта өңірлік ансамбльдер байқауы өтті

Мәдениет – ұлттың жаны, өнер – оның үні. Ел руханиятының дамуына тың серпін беретін ауқымды мәдени шаралардың бірі ретінде Қазығұрт ауданы тағы бір тағылымды бастаманың алаңына айналды. «Сазды әуен мен сырлы үн» атты вокалды-аспапты ансамбльдердің облыстық байқауы киелі Қазығұрт жерінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өнер мен ұлттық болмыстың жаңа қырын танытқан маңызды мәдени оқиғаға айналды.

Бұл өнер додасы – тек шығармашылық бәсеке ғана емес, ұлт руханиятының түп-тамырынан бастау алатын бай дәстүр мен заманауи орындаушылық шеберліктің жарасымды үйлесімін көрсеткен үлкен сахналық платформа болды. Байқауға Түркістан облысының барлық аудандарынан келген 11 талантты өнер ұжымы қатысып, өз өңірлерінің өнерін лайықты дәрежеде таныстырды.

Шараны Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев салтанатты түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тілей отырып, бұл байқаудың мәдениет саласындағы маңызына, жас өнерпаздарды қолдау мен дәстүрлі музыканың жаңа тынысын ашуға бағытталған маңыз­ды миссиясына ерекше тоқталды.

Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар қазақ композиторларының шығармаларынан бір туындыны орындау арқылы ұлттық музыкалық мұраны меңгеру деңгейін паш етті. Ал екінші кезеңде еркін тақырыптағы шығармаларды орындап, жан-жақты музыкалық ізденіс пен орындаушылық ерекшеліктерін көрсетті. Бұл құрылым – ансамбльдердің кәсіби шеберлігімен қатар, көркемдік бейнелеу мүмкіндігін, сахналық мәдениетін, музыкалық талғамын және импровизациялық қабілетін жан-жақты бағалауға жол ашты.

Қазылар алқасының әділ шешімімен Бас жүлде Қазығұрт ауданынан қатысқан «Қазығұрт band» ансамбліне бұйырды. Бұл жеңіс – тек аудан мерейі ғана емес, Қазығұрт өнерінің өресі биік екенін дәлелдейтін нақты көрсеткіш. Бірінші орынды Отырар ауданынан келген «Фараб» ансамблі иеленсе, екінші орын Сарыағаш ауданының «Сарыағаш» ансамбліне бұйырды. Ал үшінші орынмен Ордабасы ауданынан келген «Арай» ансамблі мен Түлкібас ауданының «ART-MUZIC» ансамблі марапатталды.

Шара соңында жеңімпаз ұжымдарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар – олардың еңбегі мен шеберлігінің шынайы бағасы ғана емес, әрі қарайғы шығармашылық жолына шабыт берер маңызды қолдау. Байқау облыс көлеміндегі өнер ұжымдарының кәсіби өсуіне, мәдени алмасуға, жаңа есімдердің таныла түсуіне және дәстүрлі музыка арқылы заманауи тыңдаушымен жаңаша үндесуге үлкен мүмкіндік берді.

Қазығұрт төрінде өткен бұл байқау – еліміздегі мәдени саясаттың пәрменді жүзеге асып жатқанын, өнер мен шығармашылықтың өңірлік деңгейде де серпінді дамып келе жатқанын дәлелдеді. Осындай ауқымды шаралар – ұлттың рухани әлеуетін нығайтып, ел бірлігі мен мәдени сананың түлеуіне жол ашатын маңызды қадам.

Ұқсас жаңалықтар

Олжас Бектенов Ұлытау облысындағы апат бойынша үкіметтік комиссияның есебін тыңдады

redaktor_rastimes

Балғын балалықтың балдай демалысы: Түркістанның таулы шатқалында лагерь маусымы ашылды

redaktor_rastimes

Сыртқы факторлардың ел экономикасына әсері талқыланды

redaktor_rastimes

Пікір жазу