Түркістанда Әкелер күніне орай отбасы институтын нығайту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды іс-шара өтті. Облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа мәжілісі «Достық» үйінде ұйымдастырылып, қоғамның әр саласынан елге үлгі болған азаматтар, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, басқарма өкілдері, аудан-қала әкімдіктерінің орынбасарлары, ардагерлер мен жастар қауымы қатысты.
Мәжіліс отбасындағы әкенің орны мен рөлін, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігін, қоғамдағы миссиясын талқылаған тағылымды басқосу болды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Алтаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, әке институтын қолдау – ел болашағына салынған іргетас екенін баса айтты.
– Түркістан облысында елге үлгі болар абзал әкелер, өнегелі азаматтар аз емес. Сіздер өздеріңіздің өмірлік тәжірибелеріңізбен, парасаттылықтарыңызбен, еңбектеріңізбен өңіріміздің дамуына зор үлес қосып келесіздер. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұрпақ тәрбиесін ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе деп атап өткен болатын. Сондықтан жас ұрпақтың бойында патриотизмді, еңбекқорлықты, отбасылық жауапкершілікті қалыптастыруда сіздердің рөлдеріңіз айрықша, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Кеңейтілген мәжіліс барысында ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері сөз сөйлеп, жас буынның бойына отансүйгіштік пен рухани-мәдени құндылықтарды сіңірудің маңыздылығын атап өтті. Олар отбасы – мемлекет тірегі, ал әке – оның асқақ тұғыры екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар жиналыста «Әкелер мектебін» кеңейту, отбасы институтын қоғамда қайта жаңғырту, ер азаматтардың жауапкершілігін арттыру, жастарға үлгі болар әке бейнесін дәріптеу мәселелері жан-жақты қозғалды. «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі филиалының бастамалары мен жастармен жүйелі жұмыстары ерекше атап өтілді.
Іс-шара соңында отбасылық тәрбиеде, қоғамдық қызметте белсенділік танытып жүрген бірқатар азаматтар марапатталып, құрметке бөленді. Бұл — отбасылық құндылықтарды жаңғырту мен қоғамда әке рөлін арттыруға жасалған маңызды қадамдардың бірі.
Айта кету керек, бүгінде Түркістан облысындағы 922 мектепте ата-аналар кеңестерімен қатар, «Әкелер мектебі» жұмыс істейді. Бұл бастама арқылы қоғамдағы әке бейнесін күшейту, жауапкершілігін арттыру, отбасындағы тәрбиені жүйелі ету жолында нақты жұмыстар жалғасып келеді.
Түркістанда өткен бұл мазмұнды жиын — ұрпақ болашағына жауапты азаматтарды біріктіретін, ұлттық рухты асқақтататын тағылымды шара болды.

