RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістанның су саңлақтары ел чемпионатында елудей қарсыластың арасынан суырылып шығып, 30 медальмен өңір абыройын асқақтатты

Алатау бөктеріндегі алып Алматыда өткен байдарка және каноэ есуден Қазақстан Республикасының іріктеу чемпионаты биыл ерекше тартысқа толы өтті. Елдің әр түкпірінен жиналған ең үздік есушілер жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атануға барын салған бұл додаға 10 өңірден 100-ден аса спортшы қатысты. Сол үміткерлердің қатарында Түркістан облысының үкілеп қосқан құрама командасы да бар еді. Жарыс нәтижесі бойынша олар тек жеңіс тұғырынан көрініп қана қоймай, тұтас бір спорт мектебінің дайындығы мен табандылығын дәлелдеді.

Түркістан облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі және Олимпиадалық резервті даярлау орталығының саңлақтары бұл чемпионатта 30 медальді еншілеп, өздерінің мықтылығын кезекті мәрте көрсетті. Медаль қоржынына 7 алтын, 11 күміс және 12 қола жүлде түскен. Мұндай жетістік – ұзақ жылғы еңбектің, үздіксіз дайындық пен табанды тәрбиенің жемісі екені сөзсіз.

Атап айтар болсақ, байдарка мен каноэ есудің шеберлері арасында Полат Төребеков, Алишер Хаетов, Ульяна Киселева және Дильфузахон Эргашханова өз салмақ дәрежелерінде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ байдарка есудің өрені Бекарыс Раматулла да жарысты сәтті өткізіп, чемпион атанды. Осылайша, Түркістанның жас спортшылары тек командалық емес, жекелей сында да өзгелерден оқ бойы озық екенін дәлелдеді.

Жарыстың басты тосын жайттарының бірі – құрама сапындағы тәжірибелі спортшы, байдарка есуші Ольга Шмелева денсаулығына байланысты бұл жолы сайысқа қатыса алмаған еді. Дегенмен, оның жоқтығы команданың рухын түсірмек түгілі, өзгелерге серпін беріп, жеңіске деген жігерін арттырды.

Ең қуанарлығы – бұл чемпионат тек жүлделермен ғана емес, үлкен халықаралық ареналарға жолдама берумен де маңызды. Жарыс қорытындысы бойынша Бекарыс Раматулла мен Полат Төребеков келесі кезең – халықаралық сында ел намысын қорғайтын болады. Атап айтқанда, қос спортшы Португалияда өтетін 18 және 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатына, сондай-ақ Италияда өтетін ересектер арасындағы әлем біріншілігіне жолдама алды. Бұл тек Түркістан үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін үлкен мақтаныш.

Тәжірибе мен табандылықтың тұтас көрінісіндей болған бұл жарыс Түркістан облысының су спортындағы әлеуетін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Байдарка мен каноэ есуден биік белестерге бет алған жас спортшыларымыз – ертеңгі ел мақтаныштары. Ендігі кезек – әлемдік жарыстарда көк туымызды биікте желбірету. Осы жолда Түркістанның ескекшілеріне тек жеңіс тілейміз!

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзі

redaktor_rastimes

«Қазақстан – Еуроодақ» диалогтік платформасының отырысы өтті

redaktor_rastimes

Кезектегі тұрғандарға жаңа пәтер кілті табысталды

redaktor_rastimes

Пікір жазу