RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістанның қаржылық қарқыны: облыс бюджеті межеден асыра орындалды

Түркістан облысында 2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен жергілікті бюджеттің орындалу көрсеткіштері бойынша ауқымды жиын өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков төрағалық етті. Кездесуде макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалу барысы, қаржының игерілу деңгейі мен алда тұрған міндеттер кеңінен талқыланды. Талғат Қозбеков жиын барысында жауапты мекеме басшыларына және аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, бюджетті сапалы әрі тиімді игеру үшін жұмысты күшейтуді талап етті.

Оның айтуынша, 2025 жылдың екінші тоқсанын нәтижелі аяқтау үшін әрбір бюджеттік бағдарлама әкімшісі мен жергілікті басқару органдары бюджет кірістерінің барлық көзін заң талаптарына сай және сапалы түрде орындауға міндетті. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражатты уақытылы және нәтижелі игеру басты талап болып қала береді. Объективті емес, субъективті себептермен қаржының игерілмей қалуына жол берілмеуі тиіс. Бұл ретте жауапты тұлғаларға нақты шараларды заң аясында қабылдау тапсырылды.

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек өңірдің бес айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, Түркістан облысы республика бойынша экономикалық өсім бойынша көш басына шығып, қысқа мерзімді экономикалық өсім 120,4 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш – Мемлекет басшысының экономиканы кемінде 7 пайызға өсіру туралы тапсырмасына берілген нақты жауап. Бес айдың қорытындысы бойынша Үкімет тарапынан қойылған межелер толық орындалды.

Өңірдегі өндірістік әлеует те артып келеді. Өнеркәсіп саласында 593 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8 пайыздық өсімді көрсетіп отыр. Жоспар 105,5 пайызға орындалған. Бұл өсім, әсіресе өңдеу және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында мүмкін болды.

Ал облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың мәлімдеуінше, 2025 жылдың алғашқы бес айында жергілікті бюджетке 114,3 миллиард теңге көлемінде салықтар мен өзге де түсімдер түскен. Бұл көрсеткіш жоспарланған көлемнен 14,7 пайызға артық орындалып, 114,7 пайыздық нәтижеге жетті. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда өзіндік кірістер көлемі 16 пайызға артқан. Бұл – өңір экономикасының тұрақтылығы мен жергілікті басқару тетіктерінің дұрыс жолға қойылғандығын дәлелдейді.

Жалпы, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қаржы жүйесінің тұрақты орындалуы аймақ басшысының тікелей бақылауында. Жоспарланған межелер мен даму көрсеткіштеріне толық қол жеткізу мақсатында жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Ел игілігіне бағытталған қаржының тиімді пайдаланылуы, халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы нақты қадамдардың нәтижесін беріп келе жатқаны айқын аңғарылады.

Ұқсас жаңалықтар

Атырау облысында бизнес өкілдерімен салық реформасы талқыланды

redaktor_rastimes

Қалам мен мінбер арасындағы алтын көпір: Түркістанда журналистерге құрмет көрсетілді

redaktor_rastimes

866,7 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ЗЕРТТЕЛІП, 359,8 МЫҢ ГЕКТАРЫ ӨҢДЕЛДІ …

redaktor_rastimes

Пікір жазу