Жеті жылдың ішінде жаңарған, жаңғырған Түркістан өңірі бүгінде тәуелсіз Қазақстанның экономикалық картасындағы серпінді дамып келе жатқан аймақ ретінде айқын орнықты. 2018 жылы қабылданған тарихи шешім – Түркістан облысын қайта құру және Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру туралы Жарлық өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жолына жаңа серпін, тың қарқын әкелді. Міне, осы маңызды оқиғадан бері тура жеті жыл өтті. Осы уақыт ішінде облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 2,6 есеге ұлғайып, 4,5 триллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 1,7 трлн теңгені құраған болатын. Бұл – өңір экономикасының түбегейлі өзгеріп, ілгерілеу мен өркендеуге бет алғанын білдіретін айқын дәлел.
Өңірдің өндірістік әлеуеті де бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2018 жылдан бері 2,7 есеге артты. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 1 214 миллиард теңгеге жетіп отыр. Мұндай өсімге металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз өндірісі, құрылыс материалдары мен мұнай өнімдерін өңдеу салаларындағы өндіріс көлемінің едәуір артуы айрықша әсер етті. Бұл салаларда еңбек ететін мыңдаған маман өз еңбегімен ел экономикасына үлес қосып келеді.
Бүгінде облыс аумағында 405 белсенді кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 35 942 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда осындай өндіріс ошақтарының маңызы зор. Өңдеу өнеркәсібі саласы да қарқын алып отыр. Биыл бұл салада жалпы құны 51,6 миллиард теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар шамамен 1600 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Индустриялық дамуға арналған нақты жоспарлар мен жобалар жүйелі түрде іске асып келеді. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2018–2024 жылдар аралығында жалпы құны 56 миллиард теңгеге бағаланған 37 жоба жүзеге асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы жылдарға арналған стратегиялық межелер бұдан да ауқымды. 2025–2031 жылдары облыс аумағында жалпы құны 629,4 миллиард теңгеге бағаланатын 12 ірі жоба іске аспақ. Бұл жобалар аясында қосымша 3916 адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл – өңірдің индустриялық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын білдіретін нақты көрсеткіш.
Түркістан облысының өндірістік өрлеу жолында ерекше орын алатын жобалардың бірі — «ҚазАтомпром» Ұлттық компаниясының бастамасымен жүзеге асырылатын күкірт қышқылы зауыты. Бұл өндіріс орны Созақ ауданында салынбақ. Зауыт еліміздің уран өндіруші кәсіпорындарының сұранысына сай жұмыс істейтін болады. Жобаның жалпы инвестициялық құны 100 миллиард теңгені құрайды. Іске қосылған жағдайда, бұл нысан 250 адамға жаңа жұмыс орнын ұсынады. Мұндай ауқымды жобалар өңір экономикасына тың серпін беріп, өндіріс саласын жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
Түркістан облысы өзінің өндірістік әлеуетін тиімді пайдаланып, заманауи технологияларға негізделген кәсіпорындарды дамытуға бет бұрды. Жергілікті және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып, әр салада жаңаша жобалар қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта жүзеге асатын бұл жобалар өңірдегі жұмыссыздықты төмендетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, еліміздің жалпы экономикалық қуатына зор үлес қоспақ.
Қысқа мерзім ішінде қол жеткізілген бұл көрсеткіштер – жүйелі жоспарлаудың, бірлік пен еңбектің, сондай-ақ өңір халқының болашаққа деген сенімінің жемісі. Түркістанның түлеген жеті жылы – экономиканың ғана емес, елдік рухтың жаңғыруының көрінісі. Бұл даму бағыты бұдан әрі де жалғасып, Түркістан өңірі алда талай ірі жетістіктерге жететініне күмән жоқ.