Түркістан – ғасырлар бойы түркі өркениетінің алтын бесігі ғана емес, бүгінде болашақтың білім ордасына айналу жолында ауқымды қадамдар жасап жатқан өңір. Осы тұста өңірдің жаңа серпіні – халықаралық деңгейдегі университет ашу бастамасы нақты нәтижесін бере бастады. Жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Корея Республикасынан келген «Woosong» білім беру қорының құрметті төрағасы Сонг Кён Ким бастаған делегациямен маңызды кездесу өткізді.
Кездесуде тараптар Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан халықаралық ІТ университетінің құрылыс барысы, оқу процесін ұйымдастыру, кадрлық және академиялық мәселелер жөнінде ашық әрі мазмұнды пікір алмасты. Бұл білім ордасы жай ғана жаңа оқу орны емес, Түркістанның интеллектуалды әлеуетін арттыратын, өңір жастарына жаңа мүмкіндіктер ұсынатын заманауи орталық болмақ.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кездесу барысында аталмыш жобаның маңыздылығына ерекше тоқталып, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан стратегиялық бастама ретінде бағалады. Оның айтуынша, 2024 жылдың 1 сәуірінде Түркістан облысы әкімдігі мен Корея Республикасының өкілдері арасында «Woosong» университетін құру туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойылған. Бүгінгі таңда оқу ғимаратының құрылысы 95 пайызға аяқталып, оқу ордасының толық іске қосылуына бағытталған «Өңірлік іске асыру алгоритмі» бекітілген.
– Түркістан жастарына сапалы білім беру – біздің басты міндетіміз. Осы орайда әкімдік тарапынан университетті уақытында іске қосу үшін барлық қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, өңірдегі талапты жастарға жол ашу мақсатында біз аталған оқу ордасына 100 білім грантын бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұл – тек жаңа оқу орны емес, заманауи ІТ индустриясын дамытатын, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті кадрлар даярлайтын орталық болады, – деді Нұралхан Көшеров.
Өз кезегінде Сонг Кён Ким де Түркістанда ашылатын Woosong университетінің аймақ үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, алдағы уақытта мұнда Кореядан және өзге де шет мемлекеттерден келген профессорлар мен білікті оқытушылар сабақ беретінін мәлімдеді. Ол Түркістандағы білім ордасы тек оқу емес, мәдениет пен ғылым тоғысатын озық үлгідегі кампусқа айналатынына сенім білдірді.
Айта кету керек, 2024 жылдың 1 шілдесінде Түркістан қаласында әкімшілік ғимарат салу туралы инвестициялық жобаны іске асыру жөніндегі келісім де бекітілген. Университет ғимаратының құрылысы 2025 жылдың 15 маусымында толық аяқталады деп күтілуде. Қазіргі кезде оқу бағдарламаларын Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім стандарттарына сәйкестендіру, тиісті реестрлерге енгізу жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Жоспар бойынша Woosong халықаралық ІТ университетінде төрт факультет ашылады. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Төртінші өнеркәсіптік революция – ақылды зауыт», «Мультимедиа және веб-дизайн» бағыттары бойынша 2340 студентке дейін қабылдау көзделіп отыр. Сонымен қатар, студенттердің жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында жергілікті кәсіпкердің қолдауымен 600 орындық заманауи жатақхананың құрылысы да қарқынды жүріп, аяқталуға жақын қалды.
Бұл жоба – Түркістан облысы әкімдігі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы ынтымақтастықтың нақты жемісі. Бұл білім ордасы тек жаңа технологиялар орталығы ғана емес, болашақтың зияткер ұрпағын тәрбиелейтін рухани-интеллектуалдық бастау болмақ.
Осылайша, Түркістан төрінде Woosong университетінің іргесі қаланып, білімнің жаңа дәуірі бастау алуда. Бұл – тарихы терең, болашағы кемел өңірдің жаһандық білім картасындағы жаңа белесі.