Түркістан өңірінде саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған білікті ұстаздардың қатарында өз ісіне шынайы берілген, жүрегімен білім беріп жүрген Динара Тажиметованы ерекше атауға болады. Төле би атындағы №19 жалпы білім беретін мектепте 18 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан ұстаз – өзінің тектік тамыры өзбек ұлтынан болса да, қазақ сыныптарында мемлекеттік тілде білім беріп келе жатқан нағыз ұлтаралық татулықтың үлгісі.
– Ұстаздық – жай ғана қызмет емес, бұл – ұрпақ болашағына бағыт беретін үлкен жауапкершілік. Ұстаз – баланың жан дүниесіне үңіліп, ішкі әлемін оятып, қабілетіне қанат бітіруі тиіс. Мен үшін әр сабақ – бір мүмкіндік. Қазақ сыныбында балаларға білім беру – менің жан дүниемнің қалауы. Себебі қазақ тілі – менің де тілім, қазақ елі – менің де Отаным. Қазақ тілін білу – бұл елдің мәдениетін, рухын түсіну деген сөз. Мен өзімді осы елдің толыққанды азаматы сезінемін, – дейді тәжірибелі ұстаз.
Динара апай – білім мен адамгершілікті қатар ұстанған педагог. Ол әр сабағында оқушының зейінін ашуға, қызығушылығын оятуға ерекше мән береді. Ойын элементтері, шығармашылық тапсырмалар мен топтық жұмыс арқылы шәкірттерін ынталандырып, еркін ойлауға, өз ойын дәл жеткізуге тәрбиелейді.
– Бастауыш сынып – бұл баланың сана-сезімі қалыптасатын аса маңызды кезең. Осы кезде бала жүрегіне сенім ұялатып, ойлау дағдысын дамытсақ, оның болашақта тұлға болып қалыптасуына жол ашамыз. Сабақ үстінде мен балалардың көзіне қарап отырамын. Қызығушылық пен талпынысты көрген сәт – мен үшін ұстаздық еңбектің ең үлкен марапаты. Ол сенімді сөндіріп алмау – менің күнделікті жұмысымның өзегі, – дейді Динара Тажиметова.
Көпэтносты қоғамда мұндай тұлғалар – бірлік пен татулықтың тірегі. Мемлекеттік тілді меңгеріп, оны шәкірттеріне үйретіп жүрген өзге ұлт өкілдерінің еңбегі ел бірлігін нығайта түсетіні сөзсіз. Динара апайдың өмірлік ұстанымы да осыған саяды: «Білім беру – тек пән үйрету емес, баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Қазақ тілін білу – бұл елге деген құрметтің айқын белгісі».
Ол әр баланың ішкі дүниесін тыңдап, талантын ашуға барынша тырысады. Әр сабағы – балаға шабыт беретін, өмірге деген сүйіспеншілігін арттыратын, жан жылуын сыйлайтын шағын тәрбие сағатына айналған. Осындай ұстаныммен жұмыс істейтін ұстаздың шәкірттері де жыл сайын түрлі жетістіктерге жетіп, білім биігінен көрініп жүр.
Динара Тажиметованың еңбекқорлығы мен кәсібилігі – өңір педагогтары мен әріптестері арасында кеңінен танылған. Ол – тек білім беруші ғана емес, қазақ тілінің жанашыры, өзге ұлтқа мемлекеттік тілді үйретіп жүрген мәдениет елшісі.
Оның өмір жолы – өзге этнос өкілдерінің қазақ халқына деген сүйіспеншілігін, мемлекеттің бейбіт саясатының жемісін айқын көрсететін өнегелі жол. Ұлтына қарамастан, ұрпаққа білім мен тәрбие беруде жан-тәнімен еңбек етіп жүрген ұстаз – еліміздің рухани байлығы мен келешегіне қосылған үлестің айқын үлгісі.