Түркістан өңірінің спортшылары тағы да толағай табысқа қол жеткізді. Жақында ғана Қарағанды облысының Теміртау қаласында 17-23 маусым күндері аралығында өткен академиялық ескек есуден Қазақстан чемпионатында Түркістан облысының құрамасы ерекше шеберлік танытып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Еліміздің 5 өңірінен жиналған 135 спортшы қатысқан бұл жарыста Түркістанның намысын су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Жоғары спорт шеберлігі мектебі мен Олимпиадалық резервті дайындау орталығының дарынды 24 спортшысы қорғады.
Бәсекенің тартысты өткен финалдық кезеңінде жерлестеріміздің ерен еңбегі мен тынымсыз дайындығы өз жемісін берді. Түркістан құрамасы жалпы есепте 21 алтын, 15 күміс және 10 қола медаль жеңіп алып, командалық көрсеткіш бойынша үздіктердің қатарынан көрінді. Бұл – облыстың су спорты саласындағы жүйелі жұмыс пен дарынды спортшылардың қажырлы еңбегінің айқын нәтижесі.
Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары қатарынан көрінген есімдер ел есінде жатталып қалары анық. Олар – Владислав Яковлев, Иван Чернухин, Еркежан Сапарқұл, Лияра Айдарова, Мария Лебедева, Роза Кеңес, Александр Афанасьев, Владислав Галкин, Әділет Керімбек, Қуаныш Бекбембетов, Валентина Волкодавова, Саттарбек Ильхамов, Айбек Саттарбек және Айлин Айдарова. Бұл саңлақтар тек жүлде алып қана қоймай, нағыз спорттық рух пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті.
Академиялық ескек есу сынды көп дайындық пен төзімділікті талап ететін спорт түрінде осындай биік жетістікке жету – үлкен мақтаныш. Түркістан облысында бұл спорт түрі соңғы жылдары қарқынды дамып, жастар арасында кеңінен қанат жайып келеді. Спортшылардың осындай жетістігі – өңірдегі спорт инфрақұрылымының, жаттықтырушылар біліктілігінің және жас ұрпақтың ерік-жігерінің айғағы.
Түркістандық балғындар мен жасөспірімдер үшін бұл жеңіс – тек жарыс нәтижесі ғана емес, сонымен қатар биік мақсаттарға жетуге болатын нақты үлгі. Ел чемпионатында топ жарған спортшылар алдағы уақытта халықаралық ареналарда да еліміздің көк туын желбіретеді деген сенім зор. Спортшылар мен жаттықтырушыларға сәттілік серік болып, Түркістан спортының жеңісті жолы жалғаса бермек.