RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарҚоғам

Түркістандағы тіршілікке тыныс берген құрылыс: Жыл соңына дейін миллион шаршы метрден астам баспана ел игілігіне берілмек

Түркістан өңірі бүгінде тек тарихи-мәдени астана ғана емес, сонымен қатар сәулеті мен дәулеті келіскен жаңа заман қалаларының біріне айналуда. Облыс бойынша 2025 жылы 1 миллион 60 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын халық игілігіне беру жоспарланып отыр. Оның ішінде көпқабатты үйлердің көлемі 410,2 мың шаршы метрді құраса, жеке тұрғын үйлердің аумағы 649,8 мың шаршы метрге жетпек. Бұл – өңір халқының баспанаға деген сұранысын қамтуда үлкен серпіліс болмақ.

Сәуір айының қорытындысы бойынша облыс көлемінде 226,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп үлгерді. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысы әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілісте талқыланды. Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс қарқынын одан әрі үдетіп, сапа мен мерзім талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.

– Тұрғын үй – әрбір азамат үшін маңызды, өзекті мәселе. Жоспарланған құрылысты уақытылы әрі сапалы аяқтау – басты міндет. Бұл бағыттағы жұмысты кешіктірген аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына тиісті шара қолданылады. Тұрғын үйлерге инфрақұрылым тарту, жер телімдерін үйлестіру, жалпы үдерісті жүйелі үйлестіру қажет, – деді аймақ басшысы.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, 2025 жылға дейінгі тұрғын үй құрылысы бағдарламасын толық жүзеге асыру үшін облыстық және республикалық бюджеттерден жалпы сомасы 31,3 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген. Оның ішінде 13,8 млрд теңге – кредиттік тұрғын үйлердің құрылысына, 2 млрд теңге – арендалық тұрғын үйлердің құрылысына, ал 15,5 млрд теңге – осы санаттағы үйлерді сатып алуға бағытталып отыр.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан 29 көпқабатты тұрғын үйдің ішінен 4 үй (160 пәтер) тұрғындар игілігіне тапсырылып, қалған 25 үйдің құрылысы 85 пайыз деңгейінде аяқталған. Тамыз айына дейін бұл нысандар да кезең-кезеңмен пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, Кентау қаласында бой көтеріп жатқан бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің де құрылысы 95 пайызға жетіп, маусым айында өз иелерін қуантпақ.

Облыс бойынша жалпы 8 арендалық тұрғын үйдің құрылысы белсенді түрде жүргізілуде. Бұл нысандарда барлығы 380 пәтер болады. Оның жалпы көлемі 23,7 мың шаршы метрді құрайды. Аталған пәтерлер, ең алдымен, кезекте тұрған мұқтаж азаматтарға арналған.

Биылғы жылы республика көлемінде 5139 арендалық пәтерді сатып алу көзделіп отыр. Оның ішінде Түркістан облысына тиесілі 578 пәтер үшін арнайы қаржы қарастырылған. Бұл – баспанасыз жүрген көптеген отбасының үмітін оятып, болашаққа деген сенімін нығайтатын игі қадам.

Осылайша, Түркістан облысында жүріп жатқан қарқынды құрылыс жұмыстары тек тұрғын үймен шектеліп қалмай, әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуға да серпін бермек. Әрбір бой көтерген үй – бұл өңір халқының болашағына салынған берік негіз, ел ертеңіне бағытталған сенімді инвестиция.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮЛКІБАСТА МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНДА ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРІНІҢ МУЗЕЙІ АШЫЛДЫ

redaktor_rastimes

Парижде «Көшпенділер әуендері» әуеледі

Картоп қоры ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге толық жеткілікті

redaktor_rastimes

Пікір жазу