RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістандағы мектептер жаңғыртудан өтіп, жаңа тыныс алуда

Түркістан қаласында ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмей, ескірген мектеп ғимараттары біртіндеп жаңаша кейіпке еніп, білім саласына серпін беретін ауқымды жаңғырту жұмыстары қолға алынуда. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев реновациядан өтіп жатқан бірқатар мектептердің құрылыс барысын арнайы аралап көріп, сапа мен мерзімге жіті назар аударды. Жалпы Түркістан облысы бойынша 2025-2027 жылдары аралығында 115 білім ордасы жаңғыртудан өтетіні жоспарланған болса, соның ішінде облыс орталығы – Түркістан қаласынан 11 мектеп таңдалып алынып, бүгінде 4 мектепте құрылыс қызу жүргізілуде. Атап айтқанда, 1800-ден астам оқушы білім алатын 1989 жылы салынған Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы мен теміржолшыларға арнап 1966 жылы бой көтерген, бүгінде 1000-нан аса шәкірт тәрбиеленіп жатқан №31 Абай атындағы мектептің күрделі жөндеуі жүріп жатыр. Айта кетерлігі, бұл жаңғырту Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен тұспа-тұс келіп, жаңарған білім ұясы ұлы ойшылдың рухын дәріптейтін ортаға айналмақ. Сонымен қатар 530 орындық С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернаты мен 1050 оқушыға арналған Н.Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясында да құрылыс қарқын алған. Бұл тек сыртқы жөндеумен шектелмей, білім ошақтары заманауи материалдық-техникалық базамен толық жабдықталады. Қажетті қаржы қарастырылып, білім сапасын арттыруға бағытталған тың қадамдар жүзеге асуда. Бүгінде қала бойынша 55 мыңнан астам оқушы бар болса, осы жөндеуден өтіп жатқан төрт мектепте 7 мыңға жуық бала оқиды. Облыс әкімінің орынбасары құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер компанияларға сапа мен уақыт талабын сақтай отырып, әр істі жанашырлықпен, болашақ ұрпаққа деген жауапкершілікпен атқару керектігін қадап айтты. Барлық жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін толық аяқталып, оқушылар жарқын келешекке жаңартылған, жайлы мектеп қабырғасында қадам басатын болады.

Ұқсас жаңалықтар

Сарыағашта еңбек пен жердің берекесі: халық қалаулылары диқан еңбегіне куә болды

1000-ға жуық мектепте заманауи пәндік кабинеттер орнатылды

redaktor_rastimes

Жеке медициналық кітапшалар енді «HR Enbek» порталында қолжетімді

redaktor_rastimes

Пікір жазу