RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістанда жоғары технологиялы өндірістің жаңа тынысы ашылуда

Түркістан өңірі өндірісті өркендетуге бет алып, жаңашыл жобаларға жол ашып келеді. Бүгінде облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды бастамалардың бірі – Сауран ауданында орналасқан шағын өнеркәсіптік парк екені сөзсіз. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталмыш өндірістік аймақты арнайы аралап, ондағы жұмыс барысымен танысып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Өңір басшысы еліміздің өндірістік әлеуетін арттыру үшін әрбір бос тұрған ғимаратта нақты жоба жүзеге асуы қажет екенін атап өтті. Егер қандай да бір кәсіпкер жобаны кешіктіріп жатса, ол орындарды өзге де ниетті инвесторларға беру қажеттігін ескертті. Бұл нақты қадам жұмыс орындарын көбейтуге және жергілікті халықты тұрақты табыспен қамтуға жол ашары анық. Сол өндірістік парктің бірінде облыс әкімі AVATAR AGRICULTURAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT компаниясының жұмыстарымен танысты. Бұл компаниямен жыл басында ауыл шаруашылығы саласына арналған дрондарды өндіретін зауыт салу бойынша келісімге келінген болатын. Жобаның жалпы құны – бес миллион АҚШ долларын құрайды, ал зауыттың қуаттылығы айына алты жүз дана дрон шығаруға жетеді. Қазіргі таңда шетелдік инвестор өндіріс орнын қажетті жабдықтармен толықтырып, құрылғыларын орналастыруды бастап кетті. Жоба сәтімен жүзеге асса, елімізді заманауи ауыл шаруашылығы дрондарымен қамтып, агроөнеркәсіптік салада ауқымды серпіліс жасауға мүмкіндік туады. Бұл зауытта негізгі жұмысты роботтандырылған жүйелер атқарады деп күтілуде. Өңір басшысы инвестормен жүздесіп, толық қолдау болатынын атап өтті. Сондай-ақ, Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы техникаларын, тұрмысқа қажетті пластик пакеттерді, жиһаз өнімдерін шығаратын өндіріс орындарын және жылу қазандықтарын құрастыратын цехтарды аралап көрді. Кәсіпкерлер мен инвесторлар облыс әкімдігінің қолайлы жағдай жасағанына алғыстарын жеткізіп, өндірісті дереу іске қосуға дайын екендерін білдірді. Алдағы уақытта бұл шағын өнеркәсіптік парк заманауи жобалармен толықтырылып, Түркістанды еліміздің өндірістік хабына айналдыруға тың серпін береді деген сенім мол.

Ұқсас жаңалықтар

Ақмолалық спортшылар шорт-тректен әлем кубогы кезеңінде қола медаль жеңіп алды

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КОЛЛЕДЖДЕРГЕ ГРАНТ БӨЛУДЕ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

redaktor_rastimes

Күймен көмкерілген көк аспан: Түркістан әуежайында Зияткерлік мектеп оқушылары ұлттық өнерді ұлықтады

redaktor_rastimes

Пікір жазу