RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА РУХАНИ ТАНЫМҒА ТОЛЫ САЯХАТ: 67 ЖАСТАҒЫ МАРОККОЛЫҚ ЖОЛСАПАРШЫ ЖЕР ЖҮЗІН АРАЛАП, ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ЖЕТТІ

Қарт саяхатшының шынайы қызығушылығы мен рухани ізденісі оны мыңдаған шақырымдық жолдан өткізіп, киелі Түркістанға жетелеп әкелді. 67 жастағы Марокко азаматы Еуропа мен Азияның бірнеше елін мотоциклмен басып өтіп, түркі өркениетінің алтын бесігі саналатын Түркістан шаһарына келіп жетті.

Жол бойындағы мың сан әсерге, сан түрлі елдің мәдениеті мен тарихына қаныққан саяхатшы үшін Түркістан – сапарының басты межесі. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы келіп, мұнда рухани тереңдік пен тарихи тағылымның тоғысқанын ерекше тебіреніспен атап өтті. Кесене мен оның айналасындағы тарихи-мәдени нысандарды аралай жүріп, ол Түркістанды «тек өткеннің шежіресі емес, бүгіннің де, болашақтың да рухани темірқазығы» деп бағалады.

Саяхатшының бағыты кең ауқымды болды – ол алдымен Еуропаның бірнеше мемлекетін аралап, кейін Түркия, Грузия, Әзербайжан елдері арқылы жол тартты. Каспий теңізінен өтіп, еліміздің батыс қақпасынан – Ақтау қаласы арқылы кірді. Бұдан кейін Ақтөбе мен Арал өңірін басып өтіп, Сыр бойын жағалай отырып Түркістан қаласына жетті.

Шетелдік мейманды Түркістан қаласында «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының өкілдері жылы қарсы алды. Олар қонаққа қазақ халқының ұлттық тағамдарынан дәм татқызып, өңірдің тарихы мен мәдениеті жайлы кеңінен мағлұмат берді. Бұл шара шынайы қонақжайлықтың айғағы ғана емес, сонымен қатар Түркістанның әлемдік туристік картадағы беделінің арта түскенін көрсетті.

Марокколық саяхатшы өз сапарын әлі де жалғастыруды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, әрбір жол – жаңа бір тарих, әрбір қала – жаңа бір парақ. Түркістан сол парақтардың ең терең, ең рухани мәнге ие беттерінің бірі ретінде жадына жазылып қалды.

Мотоциклмен шекара асып, рухани ізденіспен жүріп өткен 67 жастағы саяхатшының сапары – шын мәнінде ел мен елді жалғаған достық көпірі, ал Түркістан – сол көпірдің биік діңгегі бола білді.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

redaktor_rastimes

Қазақстан мен Франция One Water Summit аясында Балқаш көлін сақтау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу