RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарСаясат

Түркістанда Мемлекеттік рәміздер күніне орай ел патриоттары марапатталды

Түркістан төрінде Тәуелсіздігіміздің айғағы – Мемлекеттік рәміздер күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. 4 маусым күні облыс орталығындағы Оқушылар сарайында өткен салтанатты форумда елге адал қызмет етіп жүрген патриот азаматтарға құрмет көрсетілді. Бұл — егемен елдің болашағына сеніммен қарайтын рухты ұрпақты қолдау мен елдік рухты дәріптеудің бір көрінісі.Облыстық форумға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, көпшілікті ел тарихындағы аса маңызды мерекемен құттықтады. Сөз арасында ол Мемлекеттік рәміздердің ел бірлігі мен Тәуелсіздігін айқындайтын басты белгілер екенін атап өтті. – Тәуелсіздіктің қадірін білу – оны жүрекпен сезінуден басталады. Бұл қасиет ең алдымен Мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен көрінеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің белгісі» деген болатын. Біз осы құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына сіңіре білуіміз керек. Бұл – әрбір азаматтың парызы ғана емес, ұлт алдындағы үлкен жауапкершілігі, – деді Ертай Кенжебекұлы. Форум барысында ел мерейін асқақтатып, туған топырағына адал қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтар сахна төріне шақырылып, облыс әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында түрлі салада жетістікке жетіп, республикалық және халықаралық деңгейде Қазақстанның абыройын асқақтатқан дарынды жастар мен тәжірибелі мамандар бар. Ғылым мен білім, мәдениет пен спорт, медицина мен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында үздік нәтижеге қол жеткізген патриоттар – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның тірегі екені сөзсіз. Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласып, сахна төрінде ел рухын көтеретін патриоттық әндер шырқалды. Өнерпаздардың орындауындағы мазмұнды қойылымдар мен би композициялары жиналған жұртқа ерекше әсер сыйлады. Айта кету керек, Мемлекеттік рәміздер күні – еліміздің тарихындағы маңызы зор күндердің бірі. 1992 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны ресми түрде бекітілді. Ал 2007 жылдан бастап 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде заң жүзінде белгіленіп, жыл сайын жалпыхалықтық деңгейде аталып келеді. Бұл – Тәуелсіздік рухын ұрпақ жадында жаңғыртатын, елдік сана мен патриоттық тәрбиенің бастауы болатын ерекше күн. Түркістан облысында да бұл күн жыл сайын ауқымды іс-шаралармен атап өтіліп, жастар арасында рәміздерге деген құрмет пен сүйіспеншілік қалыптастыру мақсатында түрлі тәрбиелік жобалар қолға алынып келеді. Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің нышаны. Ал оларды құрметтеу – әрбір қазақстандықтың азаматтық абыройы. Түркістан төрінде өткен бұл рухани кеш соны тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Республикалық бюджет комиссиясының отырысы өтті

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАНДА БІЛІМ САЛАСЫ ЖАҢА СЕРПІН АЛДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу