Қоғамның әлеуметтік әл-ауқатын арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту – мемлекеттің басты стратегиялық бағыттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, тұрғын үй құрылысының сапасы тек құрылыс саласының мәселесі емес, бұл – халықтың өмір сүру ортасына, қауіпсіздігіне және мемлекеттің беделіне тікелей әсер ететін аса маңызды фактор. Осы бағытта Түркістан облысында құрылыс сапасын бақылау жұмыстары күшейтіліп, нақты шаралар қолға алынуда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда Түркістан қаласында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс сапасы қатаң бақылауға алынған. Бұл – халықтың мүддесін қорғау жолындағы нақты қадам, құрылыс саласындағы жауапкершілікті арттырудың маңызды тетігі.
Таяуда облыс орталығы Түркістан қаласында аталған мәселе бойынша арнайы жиын ұйымдастырылып, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мердігер ұйымдармен және сала мамандарымен кездесті. Кездесуге құрылыс, сәулет және техникалық қадағалау саласының жауапты өкілдерімен қатар, қаланың әр аумағында жұмыс атқарып жатқан бірқатар мердігер мекемелердің басшылары қатысты.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініштер мен шағымдар, сондай-ақ арнайы комиссияның аралау нәтижесінде анықталған кемшіліктер егжей-тегжейлі талқыланды. Құрылыс сапасына қатысты бірқатар сын-ескертпелер ашық айтылып, нақты шешімдер қабылдау жөнінде ұсыныстар берілді. Әсіресе, «Дос и К сервис» ЖШС, «Ақ Нұр-строй» ЖШС, «Азим строй» ЖШС, «Саха — 2005» ЖШС, «Талап строй» ЖШС және «Ару — ТАМ» ЖШС секілді мердігер ұйымдардың жауапкершілік аймағындағы тұрғын үйлерге қатысты бірнеше техникалық және сапалық кемшіліктер қозғалды.
Бұл сындар – орынсыз айтылған өкпе емес, халық сеніміне негізделген орынды талап. Сондықтан әрбір мердігер ұйым өз міндетіне салмақпен қарап, қысқа мерзім ішінде анықталған барлық кемшіліктерді жойып, сапаны арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауы тиіс. Бұл ретте мердігер мекемелерге нақты мерзімдер қойылып, орындалуы тиісті жұмыстар белгіленді.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 420-дан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл – мыңдаған отбасының күнделікті өмір сүріп жатқан баспанасы. Сондықтан мұндағы әрбір құрылыс нысаны – тек қабырғалар мен шатырдан тұрмайды, ол – адамдардың өміріне тікелей ықпал ететін орта. Қалалық әкімдік тұрғындардан келіп түскен әрбір шағым мен ескертуге жіті мән беріп, нақты шаралар қабылдауда. Бұл – халықтың сенімін сақтап қалудың, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты шарты.
Түркістанда жүргізіліп жатқан бұл қатаң бақылау – тек бір реттік шара емес. Ол – жүйелі, тұрақты түрде жалғасатын, сапа мен әділеттілікке негізделген мемлекеттік бақылау тетігі. Құрылыс саласында тәртіп орнату – жай ғана міндет емес, бұл – Түркістанның болашағына жасалған стратегиялық инвестиция.
Тұрғын үй құрылысы – тек құрылыс емес, бұл – мемлекет пен халық арасындағы сенім көпірі. Сол көпір мықты болу үшін әрбір кірпіш сапалы қалануы керек.