Түркістан облысында кәсіпкерлік ортаны қорғауға және инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған маңызды диалог алаңы өтті. «Бизнес және инвестицияны қорғау» атты форум Түркістан облысының прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасының бірлескен ұйымдастыруымен өтті. Шара – мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді серіктестік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдардың көрінісі болды.
Форум жұмысына Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, сондай-ақ құқық қорғау және бақылаушы мемлекеттік органдардың, басқармалар мен ұйымдардың 40-тан астам өкілі және 100-ге жуық кәсіпкер мен инвестор қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау, өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған жүйелі мәселелерді ашық талқылап, оларды жою жолында құқықтық тетіктерді тиімді қолдану. Форум барысында маңызды баяндамалар тыңдалып, нақты ұсыныстар берілді. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өз сөзінде:
«Кәсіпкерлікті қолдау – өңірлік экономиканың тірегі. Мемлекеттік құрылымдар бизнеске шынайы серіктес болуы тиіс. Әрбір заңсыз тексеру немесе әкімшілік қысым – жұмыс орнына, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін фактор», – деп атап өтті.
Биылғы жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысының прокуратурасы «Инвест-Караван 2025» акциясы аясында 3 көшпелі кездесу өткізіп, 26 инвестормен тікелей диалог орнатқан. Нәтижесінде, 6 инвесторға қатысты заңсыз қабылданған шешімдер жойылып, 4 инвестор бойынша уәкілетті органдардың негізсіз тексерулері тоқтатылған. Осы уақыт аралығында 216 жеке кәсіпкер мен 6 инвестордың құқықтары қорғалған. Жалпы сомасы 79,7 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жобаның өзекті мәселелері шешілген.
Сонымен қатар, 2024–2025 жылдар аралығында облыстық Кәсіпкерлер палатасына 262 өтініш түсіп, олардың 4,7 млрд теңгені құрайтын мүліктік құқықтары қорғалған. Сотқа жолданған 57 істің 26-сы кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Ал кеңестік форматта қаралған 34 мәселе бойынша берілген 191 ұсыныстың 78%-ы орындалған.
«Бизнеске жол» жобасы аясында өткізілген 30 отырыста 55 өзекті мәселе қаралып, олардың 19-ы оң шешімін тапты. Бұл көрсеткіштер – бизнеске көрсетіліп отырған нақты қолдаудың нәтижесі.
Форум қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің көтерген барлық мәселелері арнайы бақылауға алынып, әрбір сұрақ бойынша уәкілетті орган бекітілді. Бұл бастама – өңірде инвестициялық сенімді арттыруға, кәсіпкерлерге институционалдық қорған орнатуға бағытталған жүйелі жұмыс ретінде жалғасатын болады.
Бизнес пен билік арасындағы ашық диалог пен нақты шешімдер – Түркістан облысының экономикасын әртараптандыру мен кәсіпкерлікті өркендетудің кепілі.