Түркістан төрінде ел болашағына алаңдаған, қаржылық сауаттылықты арттыруды көздеген маңызды шара – «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форум өтті. Бұл ауқымды жиын 2025 жылғы 25 маусымда Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен ұйымдастырылып, облыстың 3 қаласы мен 14 ауданын бір мезетте қамтыды. Шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында жүктеген «Заң мен тәртіп» қағидасын кеңінен насихаттау арқылы қоғамда қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың құқықтық санасын көтеру және қаржылық пирамидалар мен алаяқтық схемаларға қарсы иммунитетті күшейту болды.
Форум аясында қазіргі заманның қаржы саласындағы ең өзекті қауіптері – қаржылық пирамидалар, жалған инвестициялық жобалар, дроптар және олардың салдары туралы кең көлемде ақпарат беріліп, қатысушыларға нақты мысалдар мен статистика арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қаржылық мониторинг агенттігінің бейнематериалдары көрсетіліп, нақты фактілер негізінде интерактивті ойындар мен сахналық қойылымдар ұсынылды. Түркістан қаласының Сейтметов атындағы саз-драма театры ұжымы ұсынған «Армандар күйреуі» атты көркем көрініс – қаржылық сауатсыздықтың өмірлік зардабын көрерменге терең әсермен жеткізді. Сонымен қатар форум аясында облыс аумағындағы мектеп жанындағы жазғы лагерьлерде «Заң мен тәртіп» тақырыбында арнайы дәрістер ұйымдастырылып, 4 мыңға жуық оқушы мен 500-ден астам тәрбиешіге қаржылық сауаттылық, вейпке қарсы үгіт және интернет алаяқтық түрлері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Форумға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, қоғамда қаржылық сауаттылықтың артуы – қауіпсіз әрі әділетті мемлекеттің кепілі екенін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде: «23 маусым күні Мемлекет басшысының төрағалығымен құқық қорғау органдарымен кеңейтілген отырыс өтті. Президентіміз қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыруды, құқық қорғау жүйесін жетілдіруді тапсырды. Бұл – аса маңызды міндет. Біз заңды – қудалаудың құралы емес, азаматтың құқығы мен бостандығының қорғаны ретінде насихаттауға тиіспіз. Егер заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі, лудомания сияқты қоғамға жат әрекеттердің жолы кесіледі. Қазірдің өзінде облыстың барлық қала және аудандарында «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» тақырыбында қоғамдық қабылдаулар басталып кетті. Бұл – тек әкімдік емес, бүкіл қоғам болып іске асыратын ортақ міндет. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеріп, ашық диалог жүргізу – мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайтудың берік көпірі» – деді. Ол сондай-ақ барлық тұрғындарды заң үстемдігін қамтамасыз етуге, әділетті қоғам қалыптастыру жолында бірлесе әрекет етуге шақырды.
Форум жұмысына Түркістан облысы прокуратурасы мен полиция департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы, Түркістан облысы мәслихатының депутаттары, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов және Әлем мен Азия чемпиондары қатысып, мазмұнды пікірлерімен бөлісті. Құқық қорғау органдарының мамандары мен кәсіби спикерлер цифрлық ортадағы қауіптер мен қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне жан-жақты тоқталып, қоғамды алаяқтық схемалардан қорғау жолдары туралы тың мәліметтер ұсынды.
Форум соңында қатысушылар спикерлерге көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мазмұнды жиын үшін алғыстарын білдірді. Түркістанда өткен бұл форум – қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында жасалған маңызды әрі батыл қадам. Қаржы және құқық салаларындағы өзекті мәселелерге терең үңіліп, жұртшылықпен ашық әрі нәтижелі диалог құрылған бұл жиын – әділетті Қазақстан жолындағы берік негіздің бірі ретінде есте қалмақ.