Түркістан өңірінде өндірісті дамытуға бағытталған ауқымды бастамалар қолға алынып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен шетелдік инвесторлармен маңызды кездесу өтіп, болашақтағы әріптестік жайында нақты жоспарлар талқыланды. Бұл жолғы келіссөздің басты өзегі – Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кеден бекеті маңында бой көтеруі тиіс «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы болды. Инвесторлар дәл осы аймақта заманауи зауыттар салып, электр жабдықтары, пластмасса өнімдері, жылу құбырлары сынды түрлі тауарларды шығаратын өндіріс орындарын ашуға мүдделі екенін білдірді. Сонымен қатар, олар бизнес орталықтар мен жүк сақтау қоймаларын тұрғызып, өңірге қомақты инвестиция тартуға дайын екендерін жеткізді. Облыс басшысы мұндай бастамалардың Түркістан үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. «Біз өндірісті өркендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беріп отырмыз. Инвесторларға барлық қажетті инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетуге әзірміз. Әрбір жобаны жеке бақылауға алып, бірге жұмыс істейміз», – деді Нұралхан Көшеров. Кездесу нәтижесінде екі тарап өзара түсіністікке келіп, әріптестік жөнінде меморандум жасауға уағдаласты. Түркістан өңірінің индустриалды әлеуеті мен кәсіпкерлікке қолайлы ахуалы халықаралық инвесторлар үшін тартымды бағытқа айналуда. Бұл бастама арқылы Мақтаарал ауданы жаңа тыныс алып, экономикалық серпінге ие болмақ. Енді бұл ұсыныстар жан-жақты сараланып, нақты іске асырылу жолдары пысықталады.