RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістанда халықты жұмыспен қамту ісі жүйелі жолға қойылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы аясында Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында кешенді әрі ауқымды жұмыстар қолға алынып келеді. Биылғы жылы өңірде «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» негізінде 130 769 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған болса, соның 63 пайызы – яғни 83 554-і тұрақты жұмыс орындары ретінде қарастырылған. Ал алғашқы алты айдың ішінде 66 069 азаматты жұмыспен қамту көзделіп, бүгінгі таңда 56 мыңға жуық тұрғын жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 22 380 адам тұрақты жұмыс орындарына ие болса, 33 619 азамат түрлі субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына жолданған. Жалпы жұмыспен қамтылғандардың ішінде 20 526 адам – немесе 36,7 пайызы – жұмысшы мамандық иелері екені ерекше назар аудартады.

Аталған мәселелер жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жүйелеп, бекітілген көрсеткіштерді уақытылы және сапалы орындау міндетін жүктеді. «Біздің басты мақсатымыз – өңірдің экономикалық дамуын қамтамасыз ете отырып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Осы тұрғыда ең алдымен еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтарды сапалы дайындауға баса мән беруіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмысты барынша күшейтуіміз керек. Сонымен қатар, жеке инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуын жеделдету – басты міндет. Еңбек адамының қоғамдағы беделін көтеру үшін түрлі маңызды іс-шаралар мен жобаларды іске асыру қажет», – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жиында сөз алған Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бекіткен ұлттық жобалар мен стратегиялық тұжырымдамалар аясында облыста 375 инфрақұрылымдық жоба қолға алынған. Осы жобалар арқылы 4074 жұмыс орнын ашу жоспарланса, алғашқы алты айдың өзінде 1708 жұмыс орнын құру көзделіп, бүгінгі күнге дейін 1653 азамат жұмыспен қамтылған. Бұл – жоспардың 97 пайызға орындалғанын білдіреді.

Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жеке инвестициялық жобалардың тізімі дайындалып, биыл олардың негізінде 2004 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Соның 1050-і тұрақты, ал 954-і уақытша жұмыс орындары болмақ. Бұл ретте кәсіпкерлік саласында 48 жоба арқылы 651, агроөнеркәсіп саласында 67 жоба негізінде 1195, туризм саласында 10 жоба арқылы 158 жұмыс орны құрылмақ. Алты айлық жоспар бойынша 401 жұмыс орнын ашу көзделген болса, қазіргі таңда 76 жоба жүзеге асырылып, 900-ге жуық азамат еңбекпен қамтылды. Қалған 49 жоба бойынша жұмыстар жалғасуда.

Бұдан бөлек, «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 22 595 жаңа жұмыс орнын құру межеленіп отыр. Биылғы жылдың өзінде бұл мақсатта 3374 жұмыс орны ашылған. Уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 32 465 адамды жолдау жоспарланған болса, бүгінгі күні 21 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасып, бұл бағыттағы көрсеткіш 88,4 пайызға орындалды. Сонымен қатар, халықтың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, жаңа бизнес-идеяларды қолдау үшін мемлекет тарапынан 1793 қайтарымсыз грант бөлу жоспарланған. Қазіргі таңда бірінші лек бойынша 862 азамат арнайы комиссиядан оң қорытынды алып, грант иегері атанды. Бұл азаматтардың бөлінген қаражатты мақсатты пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында алдағы уақытта жан-жақты мониторинг жүргізілетін болады.

Жұмыс орындарын ұсыну мен іздеушілерді кездестіру мақсатында жыл басынан бері облыста 45 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 937 жұмыс беруші қатысқан. Нәтижесінде 1829 азамат тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды.

Мәжілісте сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова есеп берді. Білім беру саласында еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды даярлау бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар қолға алынған. Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында (колледждерде) қазіргі таңда 45 530 студент 75 мамандық, соның ішінде 43 жұмысшы мамандық бойынша білім алуда. Дуальді оқыту жүйесі мен модульдік білім беру бағдарламалары енгізіліп, студенттерді нақты өндіріс орындарында тәжірибеден өткізу жолға қойылған. 2025–2026 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, колледждерге 15 500 грант бөлінсе, соның 9600-і жұмысшы мамандықтарға бағытталған. Ал 2024–2025 оқу жылында 35 колледж бен 171 кәсіпорын арасында қамқорлық туралы келісімшарт түзілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 200 кәсіпорынға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Осының барлығы – өңірде еңбек нарығын жандандыру, жұмыссыздық деңгейін азайту және еңбек адамына құрметті арттыру бағытындағы нақты әрі тиімді қадамдар. Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, еңбекке қабілетті халықтың мүмкіндіктерін тиімді іске асыруға бағытталған кешенді шараларды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Кёрлингтен әйелдер құрамасы айқын басымдықпен жеңіске жетті

redaktor_rastimes

«Тұран су» кәсіпорны І кезең бойынша 14 жобаны іске асырады

ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯЛАУДЫҢ 4-КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Пікір жазу