RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарМәдениет

Түркістанда халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілді

Түркістан төрінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты жиын ұйымдастырылып, ел мен жерге адал еңбек етіп жүрген абзал азаматтар ардақталды. Мерекелік басқосуға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, мемлекеттік қызметшілерді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Жиын барысында ол мемлекеттік қызметтің маңызын, осы саладағы жауапкершілік пен абыройдың биіктігін айрықша атап өтті.

– Халыққа адал қызмет ету – кез келген азамат үшін ең үлкен құрмет әрі асқан жауапкершілік. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызметшінің сапасы – бүкіл еліміздің сапасы деп айтуға болады. Мемлекеттік қызметші болу – антқа адал болу» деген сөзі – әрбірімізге бағдаршам болуы тиіс. Бұл қызмет – шынайы отансүйгіштіктің, кәсіби біліктіліктің және азаматтық ұстанымның сыналар алаңы. Қазіргі таңда облысымызда 501 мемлекеттік мекемеде 6331 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Бұл – үлкен күш, ел дамуына үлес қосатын маңызды әлеует. Өткен жылы 231 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымға тағайындалды. Бұл – меритократия қағидатының нақты жүзеге асып жатқанының айғағы. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған саяси реформалар нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа буын келіп жатыр. Соның ішінде 2021 жылдан бері өңірімізде 210 ауыл әкімі сайлау арқылы тағайындалды. Олар – түрлі салада ысылған, ел сеніміне ие болған азаматтар. Сонымен қатар, өңірлік кадрлық резервке 32 үміткер қабылданса, оның 13-і бүгінде жауапты қызметке орналасты. Мұның бәрі – мемлекеттік қызметтің жаңарып, жаңғырып келе жатқанын көрсетеді. Бұл сала – халық пен биліктің алтын көпірі. Сондықтан елдің дамуы, билікке деген сенім – сіздердің күнделікті атқаратын жұмыстарыңызбен тікелей байланысты. Еңбектеріңіз жемісті, қызметтеріңіз абыройлы болсын, – деп жүрекжарды лебізін білдірген аймақ басшысы еңбегімен еленген қызметкерлерді арнайы марапаттады.

Салтанатты сәтте мемлекеттік басқару ісіне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарға «Мемлекеттік қызмет ардагері» және «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілері табысталды. Сонымен қатар Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да лайықты иелерін тапты. Марапат иелерінің қатарында өз ісіне адал, ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын, ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып келе жатқан азаматтар бар.

Жиында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев та құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметтің мәртебесін биіктетіп жүрген үздіктерге ізгі тілектерін білдірді.

Мерекелік шараның соңы рухани-мәдени көңіл күйге ұласып, өнерпаздардың тартуына жалғасты. Түркістан облысындағы мәдениет және өнер ұжымдарының әншілері мен бишілері, күйшілері сахна төріне шығып, әсерлі концерттік бағдарлама ұсынды. Салтанатқа сән, мазмұнға мән қосқан бұл қойылымдар мерекенің маңызын арттырып, мемлекеттік қызметшілерге деген халықтың ыстық ықыласын білдіргендей әсер қалдырды.

Мемлекеттік қызмет – жауапкершілік пен сенімнің биік белесі. Елмен етене, халықпен бірге бола отырып, Түркістанның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген әрбір қызметкер бүгінгі марапат пен алғыстың нағыз иесі екені сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Үкіметте авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қарастырылды

redaktor_rastimes

Түркістаннан Семейге – рухани жалғастықтың көрінісі: Түркістан облысы Абай еліне заманауи көрме орталығын тарту етпек

redaktor_rastimes

Түркістан облысында 11 тоннадан астам мұнай өнімдері тәркіленді

Пікір жазу