Түркістан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған этномедиацияны дамытуға арналған үш күндік семинар өз жұмысын бастады. Бұл шараның мақсаты – этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және дау-дамайлардың алдын алу бағытында кәсіби медиаторлардың біліктілігін арттыру болып табылады. Семинардың ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірлікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация саласындағы «Елдесу және татуласу» жобасын іске асыру мақсатында жыл сайын семинарлар өткізіліп жатқанын айтып, өңірде этномедиация қызметін ілгерілетуде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Семинарға кәсіби медиаторлар Гүлжан Қожахметова мен Жұлдыз Өтегенова, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Әсет Абжақов қатысып, медиация саласына қатысты түрлі тақырыптарда баяндама жасады. Жиынға қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Айта кетейік, семинардың соңғы легі 23 мамыр күні аяқталып, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.