Түркі дүниесінің жүрегі – Түркістанда ел игілігі жолында атқарылып жатқан игі істердің қатары күн сайын артып келеді. Мемлекет қамқорлығы мен өңірлік билік жүйелі жұмысының нәтижесінде Түркістан қаласы қарқынды дамып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жобалар біртіндеп жүзеге асуда. Осы бағыттағы ерекше қуанышты сәттердің бірі – жуырда ғана облыс орталығында орын алды.
Түркістан қаласындағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде көптен күткен қуанышқа себеп болған игі іс – кезекті жаңа тұрғын үйлердің ел игілігіне тапсырылуы болды. Құрылысы аяқталған көпқабатты үйлердің кілтін облыс әкімі Нұралхан Көшеров салтанатты түрде табыстап, жаңа қоныс иелерінің шаттығын бөлісті.
Жалпы саны 84 отбасы жаңа баспанаға ие болып, туған жер төріндегі тіршіліктерін жаңа парақтан бастау мүмкіндігіне қол жеткізді. Осы қуанышты сәт Ұлттық домбыра күні мен Астана күні мерекелерімен тұспа-тұс келіп, мерейлі оқиғаға мән мен мағына қосты.
«Сіздерді Ұлттық домбыра және Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл баспаналар – Тәуелсіздіктің, Елбасының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік бастамаларының жарқын көрінісі. Түркістан облысының орталығы мәртебесіне ие болғанына небәрі 7 жыл толса да, бүгінгі күнде қаламыз түркі әлемінің рухани астанасына айналып үлгерді. Шаһардың әрбір көшесі, әрбір ғимараты ел игілігі үшін бой көтеріп жатыр. Бүгінгі баспана кілттері – жай ғана кірпіш пен бетон емес, бұл – сіздердің өмірлеріңізге жаңа үміт пен сенім сыйлайтын баспана. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын!» – деді аймақ басшысы.
Айта кетерлігі, бұл жолы тек баспана беріліп қана қойған жоқ. Жаңа пәтерге қол жеткізген отбасыларға қасиетті домбыра тарту етілді. Домбыра – қазақ рухының, ұлттық болмыстың, ұрпақтар сабақтастығының символы. Осылайша, жаңа қоныс иелерінің шаңырағында тек шаттық емес, ұлт рухын асқақтататын үн де орын алды.
Бұл күні баспаналы болған азаматтардың қатарында 48 көпбалалы отбасы, сондай-ақ, 36 әлеуметтік әлсіз топ өкілдері бар. Бұл – мемлекеттің, жергілікті атқарушы биліктің көпбалалы және әлеуметтік жағынан осал отбасыларға ерекше назар аударып отырғанының айғағы.
Салтанатты шараға қатысқан тұрғындар мен отбасылар қуаныштарын жасырмай, осынау үлкен қолдау мен қамқорлық үшін мемлекетке, облыс әкімдігіне, ел қамын жеген азаматтарға алғыстарын жаудырды.
«Тек пәтер ғана емес, ұлттық рухтың белгісі – домбыраны сыйға алғанымыз жүректі тербеді. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш, өміріміздегі жаңа кезеңнің жарқын бастауы», – деп ағынан жарылды жаңа қоныс иелерінің бірі.
Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде қазіргі таңда 16 мыңнан астам азамат тұр. Бұл – баспанаға деген сұраныстың әлі де жоғары екенін білдіреді. Дегенмен соңғы жылдары бұл бағытта атқарылған жұмыстар ауқымды: былтыр – 961 отбасы, биыл 944 пәтер тұрғындарға табысталмақ.
Тұрғын үй мәселесін жүйелі шешу үшін облыс әкімдігі тарапынан нақты қадамдар жасалуда. Қаржыландыру тетіктері жетілдіріліп, құрылыс қарқыны арттырылуда. Әлеуметтік топтарға басымдық беріліп, әділеттілік қағидаты сақталуда.
Түркістан – тек сәулетті ғимараттармен емес, әлеуметтік әділет пен рухани тұғырды қатар ұстай білетін қала. Бүгін баспаналы болған жүзге жуық отбасы соның жарқын дәлелі. Елге жасаған әрбір жақсылық – ертеңгі мызғымас іргетастың кепілі.
Жаңа қоныс иелерінің шаңырағында бақыт пен береке орнасын! Домбыра үнімен ұлттың рухы жаңғырып, болашаққа деген сенімі арта берсін!