Астана төрінде өткен аса ауқымды халықаралық іс-шара – «Орталық Азия – Қытай» ІІ индустриялық-инновациялық ынтымақтастық форумы Түлкібас өңірінен басталған тың жаңалықтармен жалғасып, тұтас Түркістан өлкесінің экономикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге жол ашты. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен ұйымдастырылған бұл форум – халықаралық ынтымақтастықтың жаңа бетбұрысын айқындаған маңызды алаң болды.
Форумға Қытай Халық Республикасымен қатар, Орталық Азияның барлық мемлекеттері – Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерінің ресми делегациялары, бизнес қауымдастықтары, қаржылық топтар мен жетекші инвесторлар қатысты. Мақсат – аймақ елдері мен Қытай арасындағы инвестициялық, индустриялық және технологиялық байланысты нығайту, өзара өндірістерді іске қосып, экономиканың стратегиялық салаларында ортақ жобаларды дамыту.
Форумның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Роман Скляр бұл іс-шараның экономикалық интеграцияға, біртұтас нарық кеңістігін қалыптастыруға, мемлекеттер арасындағы достық пен серіктестікті тереңдетуге қосар үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кездесулер аймақтық даму мен технологиялық жаңғырудың діңгегі саналады.
Форум аясында Түркістан облысы ерекше назарға ілікті. Қытайлық инвесторлармен арадағы тығыз байланыс нәтижесінде Түркістан өңірінде жалпы құны 300,7 миллион АҚШ долларын құрайтын үш ірі инвестициялық жоба бойынша меморандумдарға қол қойылды. Бұл – тек қағаз жүзіндегі келісім емес, өңірдің нақты дамуына серпін беретін тарихи қадам.
Атап айтқанда, алғашқы жоба – Түркістан қаласының Шығыс айналма жолының құрылысы. Бұл тек жол емес, шаһардың көлік логистикасын түбегейлі өзгертіп, инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай деңгейге көтеретін маңызды бастама болмақ. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының шекарасынан бастау алып, Шардара мен Арыс бағытында созылатын көлік жолы да салынады. Осы жобаларға Қытайдың алпауыт компаниясы – China Railway Asia – Europe Construction Investment Co LTD қызығушылық білдіріп отыр.
Екінші жоба – Түркістан облысында майлы дақылдар өндіруге және қайта өңдеуге арналған индустриялық парк салу. Қытайдың Jinxin (Si’an) Seed Technology Co., Ltd. компаниясы қолға алмақ бұл жоба «Белдеу және жол» бастамасы аясында жүзеге аспақ. 140,7 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылатын жоба нәтижесінде 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.
Үшінші ауқымды бастама – Түркістан облысында «Бір белдеу – бір жол» трансшекаралық тауар айналым орталығының Орталық Азиядағы алғашқы филиалын ашу. Бұл заманауи сауда хабына айналмақ. Жоба құны – 160 миллион АҚШ доллары. Жобаны іске асыру барысында 1000 жаңа жұмыс орны құрылып, Түркістан халықаралық сауда орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтпақ. Бұл жобаны Portuguese-speaking (Xi’an) Technology Development Co., Ltd. компаниясы жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Форум аясында өткен панельдік сессияларда цифрлық технологиялар, көлік-логистика жүйелері, агроөнеркәсіптік кешен мен тау-кен салаларындағы ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар озық технологияларды енгізу, тәжірибе алмасу және өзара тиімді серіктестікті нығайту жолдарын ортаға салды. Форум аясындағы келіссөздер B2B (бизнес-бизнеске) және B2G (бизнес-мемлекетке) форматында өтті.
Халықаралық деңгейдегі бұл ірі шараның алғашқы күні-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы сомасы 24 миллиард АҚШ долларынан асатын 58 коммерциялық келісім жасалды. Бұл – екіжақты экономикалық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Айта кету керек, форум екі күнге жалғасады. Оның барысында Түркістан облысы мен шетелдік инвесторлар арасында тағы екі ірі жобаны іске асыру туралы келісімдерге қол қойылады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық ынтымақтастық туралы келісім орнату көзделіп отыр.
Тарихи Жібек жолының жаңа бағытымен үндесіп жатқан бұл жобалар – Түркістанды тек рухани астана емес, заманауи сауда мен өндірістің, халықаралық қарым-қатынастың маңызды орталығына айналдыруға бағытталған сенімді қадам.