Киелі Түркістан бүгінде көз алдымызда жаңарып, жарқыраған заманауи қалаға айналып келеді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының мәлімдеуінше, 2024 жылы Түркістанда 159 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазірдің өзінде 44,6 шақырымға созылған 41 көшеде орташа жөндеу аяқталған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 47,1 шақырымға жетіп, қаладағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 50,3 пайыз болады деп күтілуде. Ал 2025 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткішті 66,7 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Жол – тіршілік тынысы. Жол жөнделсе, ауыл мен қала арасы жақындайды, өмір сапасы артады, экономикалық белсенділік күшейеді. Бұл бағыттағы жұмыстар қала инфрақұрылымының біртіндеп жаңғырып келе жатқанын көрсетеді. Түркістанда қазіргі таңда ауыз сумен қамту деңгейі – 100 пайызға жеткен. Бұл – әр үйге өмір нәрі тоқтаусыз жетіп тұр деген сөз. Электрмен қамту – 99,5 пайыз, табиғи газ – 98 пайыз, ал кәріз жүйесімен қамту деңгейі 36,5 пайызды құрап отыр. Осы көрсеткіштерді жақсарту бағытында жүйелі әрі көлемді жұмыстар жүргізілуде.
Экономикалық тұрғыда да Түркістан айтарлықтай серпін алып келеді. Жыл басынан бері қаланың жалпы өңірлік өнімі 159,5 млрд теңгеге жетіп, бұл жан басына шаққанда 663,5 мың теңгені құрады. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі – 40 млрд теңге болса, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 25 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарының көлемі – 299,3 млрд теңгеге жетіп, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 434,6 мың шаршы метр болды. Сауда айналымы 157,9 млрд теңгені, ал негізгі капиталға салынған инвестиция 490 млрд теңгені құрап отыр.
Қаланың өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақтар қарқынды дамып келеді. Арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылып жатқан 9 жоба аясында 2956 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар индустриалды аймақта 23 жоба қолға алынып, 961 адам жұмыспен қамтылған. Бұл – өңір халқы үшін тұрақты табыс пен жаңа мүмкіндіктердің кепілі. Жобалар аясында шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен ірі кәсіпорындар құрылуда. Бұл қадамдар өңірдің өндірістік қуатын арттырып, жаңа экономикалық белестерге жол ашады.
Түркістанның туристік әлеуеті де жыл санап артып келеді. 2025 жылдың алғашқы бес айының өзінде қалаға 1,1 миллион турист келген. Оның ішінде 23,2 мың шетелдік мейман киелі шаһардың рухани-мәдени байлығымен танысуға арнайы ат басын бұрған. Туризм саласына салынған инвестициялар көлемі 61,9 млрд теңгеге жеткен. Қалада бірқатар жаңа туристік нысандар бой көтеруде. Атап айтқанда, «Қолөнершілер қалашығы», «Күлтөбе қалашығы», аквапаркі бар қонақүй кешендері туристерге қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Бұл нысандар ел ішінен ғана емес, алыс-жақын шетелден келетін қонақтардың назарын аударатын жаңа мәдени-туристік орталықтарға айналмақ.
Әлеуметтік салада да жүйелі ілгерілеу бар. 2025 жылы Түркістан қаласында 12 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, 4 мектепке күрделі жөндеу, 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту арқылы балаларға сапалы білім беру мүмкіндігі кеңейіп келеді. Бұған қоса, жеке инвестиция есебінен 27 мың тұрғынға қызмет көрсететін емхана мен оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бұл – медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға жасалған ауқымды қадам.
Түркістан бүгінде тарихи мұра мен заманауи өркендеуді ұштастырған, дамудың дара жолын таңдаған қалаға айналып келеді. Инфрақұрылым, экономика, білім, денсаулық және туризм салаларындағы бұл оң өзгерістер – өңір басшылығының дұрыс саясат жүргізіп отырғанының айқын көрінісі. Қала халқы үшін жайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру жолында қолға алынған бұл жобалар Түркістанның болашақта Орталық Азияның ең ірі мәдени-экономикалық хабына айналуына негіз қалап отыр.