Түркістан облысында тұрғындар үшін аса өзекті мәселенің бірі – ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамту мәселесі түбегейлі шешімін табуға бет алды. Бұл бағыттағы маңызды қадам ретінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинді арнайы қабылдап, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды келіссөздер жүргізді. Кездесу аясында интернет жүйелерін тарту, байланыс сапасын арттыру және жаңа пилоттық жобаларды жүзеге асыру мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.
Өңір басшысы өзінің сөзінде Түркістан облысына салынатын цифрлық инфрақұрылымға үлкен мән беріп отырғанын атап өтіп, осы бағыттағы қолдаулары үшін «Қазақтелеком» басшылығына алғыс білдірді. «Киелі Түркістанға қош келдіңіздер. Мемлекет басшысы қазіргі цифрлық өркениет пен білім экономикасы дәуірінде интернетке қолжетімділікті адамның негізгі қажеттіліктерінің бірі деп атап өткен болатын. Бұл орайда біздің өңірде де ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Облыс аумағында 801 ауылдық елді мекен болса, соның 740-ы мобильді интернетпен қамтылған. Ал 429 ауылға дейін талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған. Қалған 372 ауылда бұл жүйе әлі жоқ. Енді міне, осы елді мекендерге де сапалы оптикалық желі тарту жұмыстары басталмақ. Бұл — тек цифрлық даму емес, бұл — халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты әрі келелі қадам», — деді Нұралхан Көшеров.
Бағдат Мусин де өз кезегінде Түркістан облысының еліміздегі ең ірі және халқы тығыз орналасқан өңір екенін айтып, бұл аймақтың телекоммуникациялық қызметтермен сапалы қамтылуы компания назарында екенін жеткізді. Оның айтуынша, «Қазақтелеком» АҚ алдағы уақытта 372 ауылдық елді мекеннің телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға 14,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция құймақ. Бұл қаржы оптикалық желілер тартуға, интернет жылдамдығын арттыруға, сондай-ақ цифрлық қолжетімділікке жол ашатын жаңа жүйелерді енгізуге бағытталады.
Компания өкілі жобаның сәтті жүзеге асуы үшін жергілікті әкімдіктің инфрақұрылымдық қолдауына мұқтаж екенін жеткізіп, бұл ұсыныс өңір басшылығы тарапынан толық қолдау тапты. Ауылдарға сапалы интернет жеткізу – бұл тек байланыс саласындағы жаңғыру емес, бұл – ауылдағы баланың білім алуға, кәсіпкердің бизнесін дамытуға, тұрғынның цифрлық мүмкіндіктерге еркін қол жеткізуіне берілетін мүмкіндік.
Кездесу соңында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин ел болашағы үшін маңызды саналатын осы бастаманы бірлесіп жүзеге асыру жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл – Түркістан өңірінің цифрлық даму дәуіріне нық қадам басқанын білдіретін маңызды тарихи кезең. Енді, алдағы уақытта шалғай ауылдарда да интернетке қол жеткізу арман емес, ақиқатқа айналмақ.