Түркістан қаласында дәстүр мен руханияттың туын көтерген ерекше бір өнер мерекесі өтті. Қасиетті қалада орналасқан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында қала әкімдігінің ұйытқы болуымен «Дәстүрін дәріптеген Әз – Түркістан» атты әнші, жыршы-термешілер мен күйшілердің өнер фестивалі ұйымдастырылды. Бұл тағылымды шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заңының аясында және Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толуына орай өткізілді.
Ұлттық өнерді ұлықтап, мәдени мұраны насихаттауды мақсат еткен фестиваль ел руханиятына серпін беріп, тыңдарманға рухани байлық сыйлады. Түркістанның тарихи, мәдени һәм рухани келбетін кеңінен танытуды, осы өңірден түлеп ұшқан айтулы өнер иелері мен елге еңбегі сіңген тұлғалардың шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен бұл басқосу – халықтар достығы мен ел ішіндегі саяси тұрақтылықты дәріптеуге де үлкен үлес қосты. Сонымен қатар бұл шара 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамының бейнесін жырға қосып, жастарды ұлттық тәрбие мен рухани мұраға баулуға бағытталған.
Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы құттықтау сөз сөйлеп, Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне тоқталып, жиынға жиналғандарға жүрекжарды тілектерін білдірді. Ұлттық өнердің мәртебесін арттырған бұл шараға Қазақстанның халық әртістері мен дәстүрлі өнердің дүлдүлдері арнайы шақырылып, сахна төрінде көрерменмен қауышты.
Фестивальге қатысқан өнерпаздардың қатарында қазақтың мақтанышына айналған дәстүрлі ән өнерінің майталмандары Рамазан Стамғазы мен Айгүл Қосанова болды. Жыршылық өнердің үздік өкілдері Жәкен Омаров, Күнсұлу Түрікпен, Марат Сүгірбай, Аязбек Рустамов пен Руслан Ахынбеков жыр мен термені тереңнен толғап, тыңдарман жүрегіне жол тапты. Сондай-ақ терме мен ән жанрын шебер игерген Оразәлі Жаңабай, Мұхамедәлі Бекпейісов пен Әлімжан Серікбаев секілді өнер иелері де сахнада өз өнерлерін паш етті.
Күй өнерінің қадірін арттырған күйшілер – Шыңғыс Исаев пен Жандос Кулумбетовтің орындауындағы дәулескер күйлер көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, рухани шараның көркін аша түсті. Қазақтың қоңыр домбырасынан төгілген әуезді күйлер мен жүрекке жеткен термелер ел ішіндегі ұлттық өнерге деген махаббатты қайта жаңғыртты.
«Дәстүрін дәріптеген Әз – Түркістан» фестивалі – руханияттың шамын жағып, ұлттық болмысты бекемдеуге бағытталған шынайы өнер мейрамы болды. Түркістан төрінде өткен бұл думанды жиын – сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың өнерге деген сүйіспеншілігін, дәстүрге деген құрметін айғақтап, мәдени мұраның өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.