RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан төрінде түлеген үміт: Қожа Ахмет Ясауи университетінің үздік түлектеріне диплом табысталды

Қасиетті Түркістанда білім мен парасаттың алтын ұясына айналған, тәуелсіздіктің төл құрдасы – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде айтулы әрі әсерлі шара өтті. Оқу орнының тарихында айрықша орны бар салтанатты жиын – «Aq Jol, Yasawi túlegi – 2025» атты үздік бітіруші түлектерді марапаттау рәсімі болды. Бұл – ұстаз бен шәкірт еңбегі лайықты бағаланатын, жүректерге жылу мен үміт ұялататын, болашаққа бастар мерейлі күн еді.

Қазақстан мен Түркияның рухани әрі білім саласындағы серіктестігінің негізінде бой көтерген бұл университет алғаш рет 1995 жылы түлектерін үлкен өмірге жолдаған болатын. Міне, содан бері бұл киелі шаңырақ мыңдаған маманды ел игілігі үшін тәрбиелеп шығарды. Биылғы оқу жылында білім ордасын 1800-ден астам жас түлек тәмамдап, болашаққа сенімді қадам басты.

Салтанатты рәсімге елдің рухани-мәдени өмірінде орны бар мәртебелі меймандар, мемлекеттік мекеме басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, ректордың Түркия тарапынан өкілі, профессор Наджи Генч, сондай-ақ аталған оқу орнының әр жылдардағы түлектері – ҚР Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Айжан Көлбаева мен Стамбулда танымал баспа саласында табысты еңбек етіп жүрген Айдемир Гүлтекин секілді тұлғалар жас түлектердің қуанышымен ортақтасып, жүрекжарды лебіздерін арнады.

Кештің басты кейіпкерлері – үздік 300 студент салтанатты түрде дипломмен марапатталды. Бұл қатарда үздік оқыған білімпаз жастармен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан белсенділер де бар. Әсіресе, «Ең үздік 30 түлекке» университет ректоры мен өкілі дипломдарын жеке табыстап, әрқайсысына жылы тілегін арнап, болашақтағы сәттілік тіледі.

Білім мен тәрбиені қатар өрбіткен университет қабырғасынан түлеген жастардың ендігі мақсаты – алған білімдерін ел игілігіне жарату. Осы жолда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облыстық департаменті тарапынан құрылған «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебінің түлектеріне де арнайы сертификаттар табысталды. Сертификатты агенттіктің облыстағы басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Абылайхан Наурызбаев салтанатты түрде тапсырды.

Түлектер үшін бұл күн – тек қоштасу сәті ғана емес, бір-біріне деген риясыз құрмет пен естеліктерге толы әсерлі мезетке айналды. Ұстаздар мен ата-аналар, университет басшылығы мен әріптес достар бір арнада тоғысып, жастарға игі тілектерін жаудырды.

Шараның соңы өнер мен шаттыққа ұласты. Арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарлама жастардың көңілін көтеріп, қимастық пен қуаныш қатар өрілген кешке көрік қосты. Сахна төрінде Қазақстан эстрадасының жарқын жұлдызы Дастан Оразбек өнер көрсетіп, жастарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.

Тарихы терең, тағылымы мол Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет жыл сайын елдің әр түкпіріне қанат қаққан жас мамандарымен мақтана алады. Биылғы түлектер де сол үрдістен жаңылған жоқ. Олар – ертеңгі күннің инженерлері, дәрігерлері, заңгерлері, ұстаздары мен мемлекет қызметкерлері. Ең бастысы – олар парасатты, отансүйгіш, білімді, еңбекқор ұрпақ.

Жас түлектердің өмір жолы жарқын болғай! Ясауи шаңырағында алған білім мен тәрбиенің нұры алдағы сапарларына шамшырақ болсын. Aq jol, Yasawi túlegi!

Ұқсас жаңалықтар

Президент «Жаңа адамдар» жастар форумына қатысты

redaktor_rastimes

Түркістанның экономикалық түлегеніне жеті жыл: даму мен өрлеу жолы

redaktor_rastimes

Бір жылда 5 жаңа индустриалды аймақ құрылды

Пікір жазу