Түркістан облысының Жетісай қаласы жақында үлкен спорт мерекесіне куә болды. Қазақтың жауынгерлік рухын жаңғыртып, ел ішіндегі спорт өнерінің мәртебесін асқақтатуға бағытталған айтулы дода – жекпе-жектен Орталық Азия мен Қазақстан Республикасының ашық кубогы «Б.Саттарханов» атындағы спорт кешенінде дүбірлеп өтті.
Бұл байрақты бәсекенің басты мақсаты – халқымыздың төл спортын кеңінен насихаттап, жас ұрпақ бойына рухани байлық пен салауатты өмір салтын сіңіру. Сондай-ақ, жастарды зиянды әдеттерден, құқықбұзушылықтан сақтандырып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу – турнирдің негізгі бағыттарының бірі болды.
Жарыс алаңында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жауырыны жер иіскемеген спортшылар мен Орталық Азияның айтулы саңлақтары бас қосты. Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда мен Түркістан облыстарынан жиналған 70-ке жуық спортшы 18 жастан жоғары санат бойынша өнер көрсетті. Ерлер арасында 9 салмақ дәрежесі, ал нәзік жандылар арасында 5 салмақ дәрежесі бойынша нағыз мықтылар анықталды.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, Кеңес Одағына еңбегі сіңген спорт шебері, Дүниежүзілік жекпе-жек қауымдастығының президенті Сабыржан Махметов және Қазақстан жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Ержан Байжұмаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олардың жүрекжарды лебіздері жас спортшыларға ерекше рух берді.
Тек күш пен шеберлік емес, төзім мен тәртіпті қатар талап ететін бұл додада тартыс қызу болды. Қатысушылар жекпе-жектің барлық қырын паш етіп, көрермендерге шын мәніндегі спорттық шоу сыйлады.
Командалық есепте тартысқа толы сыннан Шымкент қаласының спортшылары жүлделі үшінші орынға табан тіресе, Абай облысының мықтылары екінші орыннан көрінді. Ал жеңіс тұғырынан Түркістан облысының құрама командасы орын алып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы белбеулер, медальдар мен дипломдар табысталып, демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар үлестірілді. Бұл – тек спортшылардың ғана емес, бүкіл облыс жұртшылығының мерейін өсірген, ел бірлігін бекемдеген айтулы оқиға болды.
Ұлттық болмысты ұлықтап, жауынгерлік өнерді жаңғыртқан бұл чемпионат келер ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Спорт пен руханиятты қатар өрген Жетісай төріндегі бұл дүбірлі дода жекпе-жек өнерінің жаңа белесін айқындап берді.