Рухани астана Түркістан тағы бір мәрте ұлттық өнердің алтын тамырына айналды. Ұлттың үніне айналған, тарихтың тереңінен сыр шертетін домбыраның қадір-қасиетін ұлықтайтын мереке – Ұлттық домбыра күніне орай, Түркістан қаласындағы «Амфитеатр» кешенінде «Домбыра – дастан» атты ерекше рухани кеш өтті. Бұл – ұлт руханиятының алтын арқауын жалғап, өнер мен өсиеттің үнін ұрпақ санасына сіңіретін тағылымды шара болды.
Салтанатты кештің шымылдығын Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаевтың жүрекжарды құттықтау сөзі ашты. Ол домбыраның тек музыкалық аспап қана емес, ұлттың жан-дүниесін, рухани болмысын танытатын құндылық екеніне тоқталып:
– Ұлттық мұрамызды дәріптейтін бүгінгі кеш – өнер мен рухтың мерекесі. Домбыра – ғасырлар көшінен сыр шерткен ұлы шежіре. Оны жүрегіне серік еткен әрбір ұрпақ қазақ рухының мұрагері. Ұлт руханиятын осындай шаралар арқылы байытып, келер буынға аманаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді.
Кеш аясында күй құдіретін жүрекпен сезіндірген орындаушылардың шеберлігі көрермен көңілінен шығып, ықыласқа бөленді. Қазақ күй өнерінің дара тұлғаларының туындылары жаңғырып, Сүгір Әлиұлының «Ыңғай төк», Абай Желдібаевтың «Ерке сылқым», Құрманғазының «Адай», «Айжанқыз», «Балбырауын» секілді жауһар күйлері тыңдарманның рухын тербетті. Зейнеп Аласьяның «Ертұғырыл» атты туындысы да түркі дүниесінің ортақ болмысын сездіріп, жүрекке жол тартты.
«Тұмар», «Алқоңыр», «Түркістан» сынды облыстық өнер ұжымдары мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында ашылған домбыра үйірмелерінің шәкірттері де сахнада жарқырап, өз өнерлерін паш етті. Жас дарындардың орындауындағы күйлер қазақ өнерінің болашағының кемел екенін көрсетті.
Музыкамен қатар сахна көркін келістірген «Фараб», «Самғау» би ансамбльдерінің ұлттық нақыштағы билері де ерекше көркемдік әсер сыйлады. «Жайсаң дала», «Ақжелең», «Тұлғаларға туынды» сынды музыкалық қойылымдар арқылы кеш ұлттық мұра мен заманауи көркемдік үндестігінің жарқын үлгісіне айналды.
Шараның шарықтау шегіне айналған күй тартыс көрерменді бір серпілтіп, күй өнерінің тереңдігін тағы бір мәрте танытты. Бұл сәт – ұстаздар мен шәкірттердің, дәстүр мен заманауи рухтың үйлескен тұсы болды. Бір сахнада тоғысқан қобыз үніндей күмбірлеген күй, мың бұралған би мен әсерлі ән – барлығы кештің айрықша шежіресін жазды.
Кеш соңында барлық өнерпаздар мен домбыра үйірмесінің шәкірттері сахна төріне шығып, көрермендермен бірге Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап, елдік пен бірліктің, өнер мен өнегенің ұлы үнін көкке қалықтатты. Бұл – тек күй ғана емес, ғасырдан ғасырға жеткен рухтың күмбірі, ұлттық кодының тірі әуені еді.
Мерекеге орай 30 маусым күні Түркістан қаласында өткен «Тұран даласының күйлері» атты қалалық күйшілер байқауы мен «Достық» үйінде ұйымдастырылған «Үкілі домбыра» фестивалі, сондай-ақ 1 шілде күні «Фараб» кітапханасында өткен «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы бұл мерекенің салмағын арттыра түсті. Республика бойынша келген 25 үміткердің өнері елдің әр түкпірінде домбыраға деген құрметтің жоғары екенін дәлелдеді.
Сонымен қатар, Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда да 100-ге тарта мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, Ұлттық домбыра күні кең көлемде, салтанатты сипатта аталып өтті.
Түркі даласының жүрегінде, Тұран топырағында өткен бұл кеш – домбыраның шанағынан төгілген тарихты ұлықтаған, ұрпақ пен ұлтты жалғаған ерекше рухани белес болды. Домбыра – елдің жаны. Оның үні сөнбесе, қазақтың рухы да, жүрегі де биік болмақ!