Түркістан облысында Қазақстан Полициясы күніне орай салтанатты түрде өткен мерекелік жиында ел тыныштығын күзетіп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларына ерекше құрмет көрсетілді. Қазақстан полициясының құрылғанына 33 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл шарада Түркістан облыстық Полиция департаментінің жүзге жуық қызметкері марапатқа ие болды. Салтанатты басқосуға ішкі істер органдарының ардагерлері, облыс әкімдігі мен түрлі басқарма өкілдері, сондай-ақ полицияның жеке құрамы толықтай қатысты.
Іс-шара мемлекеттік рәміздерге деген құрметпен басталды. Сахна шымылдығы ел полициясының қажырлы қызметін бейнелеген мазмұнды бейнероликпен ашылып, мемлекеттік Ту салтанатты түрде кіргізілді. Әнұран шырқалған сәтте барша қатысушылар қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан полицейлер рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Полиция қызметінің асқан жауапкершілігі мен ерен еңбегін суреттеген театрландырылған қойылым да көптің жүрегін тебірентті.
Салтанатты шарада алғашқы құттықтау сөзді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров алып, ел үшін күн-түн демей еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, үздік тәртіп сақшыларын марапаттады. Өз сөзінде ол құқық қорғау саласының маңыздылығын айрықша атап өтіп, тұрғындардың бейбіт өмірі мен қоғам тыныштығы жолындағы полицейлердің еңбегі өлшеусіз екенін жеткізді.
Мерекелік шарада сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік генералы Болат Қалмырзаев пен Полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Мұрат Қабденов құттықтау сөз сөйлеп, сала ардагерлері мен қазіргі қызметкерлерге жүрекжарды тілектерін арнады. Қоғам тыныштығын қамтамасыз ету жолында жан аямай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларын мақтанышпен атап, олардың ел үшін жасаған қызметтері әрдайым елеулі екенін жеткізді.
Ішкі істер министрлігінен арнайы жолданған түрлі дәрежедегі марапаттар – төсбелгілер, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар лайықты иелеріне салтанатты жағдайда табысталды. Сондай-ақ облыстық Полиция департаменті тарапынан да үздік қызметкерлерге марапаттар ұсынылып, олардың қызметке деген адалдығы мен үлгілі еңбегі көпшіліктің алдында жоғары бағаланды.
Шара соңында марапат иелері сахнаға көтеріліп, алғыстарын айтып, бұл құрмет олардың алдағы жұмысына тың серпін беретінін жеткізді. Мерекелік кештің көркін Түркістанның өнер майталмандары ашып, сахна төріне көтерілген Асқар Жүнісбеков пен жергілікті әншілер әсем әнмен көрермен көңілін тербеді. Мың бұралған бишілердің орындауындағы ұлттық би кештің сәнін келтіріп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Іс-шара соңында қонақтар мен марапат иелері естелікке суретке түсіп, ел тыныштығы үшін қызмет ететін жанкешті жандарға деген құрметтің жарқын көрінісін көріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Бұл күн – ел қорғаны саналатын полиция қызметкерлерінің ел алдында еңбегі еленген, мерейі үстем болған мерекелі сәтке айналды.