Түркістан қаласы тағы бір тың әрі тағылымды бастаманың ордасына айналды. Қасиетті өңірде алғаш рет ел көлемінде ұйымдастырылған асыл тұқымды сүт және ет бағытындағы ешкілердің республикалық көрмесі өтті. Бұл ерекше шараны Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Сексек ата» шаруашылығы қолға алып, дәстүрлі мал шаруашылығына тың серпін, ал ұмыт бола бастаған төл кәсібімізге жаңа тыныс сыйлады.
Көрмеге еліміздің әр өңірінен мал шаруашылығына ден қойған ірі фермерлер, ветеринария саласының мамандары мен қонақтар арнайы келіп қатысты. Мұндай ауқымды іс-шара бұрын тек халықаралық деңгейде ғана өткізіліп келген болса, биыл алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып, отандық шаруаларға үлкен мүмкіндік есігін ашты. Тіпті көрші Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен көрмеге деген қызығушылық жоғары болып, көрермендер онлайн эфир арқылы тамашалады.
Көрменің басты мақсаты – елімізде ешкі шаруашылығының әлеуетін көтеріп, асыл тұқымды малдың бағасын арттыру, сонымен қатар халықты экологиялық таза әрі адам денсаулығына пайдалы өнімдермен таныстыру болды. Бұл бастама – тек шаруашылықтар арасындағы бәсекелестікті емес, тәжірибе алмасуға, білім мен озық селекциялық тәсілдердің таралуына ықпал ететін алаң ретінде де үлкен рөл атқарды.
Іс-шара аясында көрмеге қатысушылар ешкі сүтінен жасалған табиғи өнімдермен танысты. Құрт, ірімшік, айран, көже, йогурт сынды таза табиғи тағамдар келушілерге ұсынылып, олардың емдік қасиеттері кеңінен насихатталды. Ұйымдастырушы топтың жетекшісі Амантай Жолдыбайұлының айтуынша, ешкі сүті – құрамында иммуноглобулиндер бар, ағзаның қорғаныс қабілетін арттырып, әсіресе тыныс жолы ауруларына қарсы ем ретінде ежелден қолданылып келе жатқан бірегей өнім. Туберкулез сынды күрделі дерттерді алдын алу мақсатында оның пайдасы көп рет дәлелденген.
Көрмеде Заанен, Альпі, Ламанча, Англо-нуб, Бур, Камори, Гулаби сияқты шетелден әкелінген, асылдандырылған жоғары өнімді тұқымдар көпшілік назарына ұсынылды. Жалпы саны 200-ге жуық асыл тұқымды ешкі арнайы комиссияның бағалауынан өтті. Әділқазылар алқасы малдың сырт пішініне, сүтінің майлылығы мен құнарлылығына, етті бағытына, бойы мен салмағына дейін жан-жақты сараптама жүргізді. Әр бағыт бойынша қатысушыларға жеке ұпай қойылып, үздік тұқымдар анықталды.
Нәтижесінде, ең көп сүт беретін ешкі бағыты бойынша Түркістан облысы алға шықты. Экстерьерлік ерекшелігі бойынша Шымкент қаласы, ал ең ауыр салмақ көрсеткішінде Жамбыл облысы үздік деп танылды. Жалпы жүлде қоры 3,5 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, қатысушылар «Сауыншылар сайысы», «Асылдандыру шеберлері», «Үздік сүт өнімдері» сияқты арнайы номинациялар бойынша да марапатталып, кубоктар мен 300 мың теңгеге дейінгі бағалы сыйлықтарға ие болды.
Көрме аясында ұйымдастырылған лақтар сайысы мен сауыншылар жарысы көрермендердің ерекше қызығушылығына ие болды. Бұл жарыстар көрмені тек мамандар үшін ғана емес, жалпы жұртшылық үшін де қызықты әрі мазмұнды етті. Мал шаруашылығы саласының ардагерлеріне Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының арнайы төсбелгілері табысталды, бұл – еңбектің ескерусіз қалмағанының бір дәлелі.
Шараға келген 350-ден астам адам табиғи өнімнің дәмін татып, селекциялық жетістіктерге куә болып қайтты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы жылдары дәстүрлі форматта жалғасын тауып, жыл сайынғы республикалық көрмеге айналмақ.