RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан – су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы тұрақты аграрлық даму жолында

Түркістан төрінде ауыл шаруашылығы мен ирригация саласындағы өзекті мәселелерді талқылаған маңызды жиын өтті. ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен кеңесте өңірдегі вегетациялық маусымның жай-күйі, ағын судың тиімді пайдаланылуы және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері кеңінен қаралды. Мәжілісті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жүргізді.

Кездесуде алғашқы болып сөз алған министр еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа қадамдар жайында баяндады. Оның айтуынша, 2024 жылдың 10 маусымынан бастап күшіне енген жаңа Су кодексі саланы жүйелеуге бағытталған түбегейлі өзгерістерді қамтиды. Ең басты басымдық – ағын суды үнемдеу және оны тиімді басқару. Бұл – тек салалық талап емес, заман талабы.

«Су ресурстары жыл сайын азайып барады. Климаттың өзгеруі, антропогендік факторлар, егіншілік пен мал шаруашылығында суды бей-берекет қолдану осы мәселені ушықтырып отыр. Сондықтан біз жаңа кодексте су үнемдеу технологияларын енгізу, оларды кеңінен қолдану және бұл бағытта еңбек етіп жатқан шаруаларды барынша қолдау туралы нақты шаралар бекіттік», – деді Нұржан Нұржігітов.

Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі суармалы жер көлемінің ел бойынша ең ауқымды екеніне тоқталып, су инфрақұрылымын жаңарту және заманауи технологияларды енгізудің маңызын атап өтті.

«Қазіргі таңда Түркістан облысында су ресурстарын тиімді басқару – стратегиялық маңызды міндет. Өйткені республикадағы суармалы алқаптың төрттен бірі, яғни 552 мың гектар жер біздің өңірдің еншісінде. Бұл – үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесіне ерекше көңіл бөліп, үнемдеу мен ақылға қонымды пайдалануға басымдық беруді тапсырған болатын. Осы орайда облысымызда **су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары кең ауқымда жүргізілуде», – деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, биыл 27 мың гектарға су үнемдеу жүйесін енгізу міндеті қойылғанымен, облыстың әлеуеті жоғары болғандықтан бұл көрсеткіш 59 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Қазіргі таңда оның 46 мың гектарына заманауи технологиялар орнатылып, қалған бөлігі вегетациялық маусым аяқталған соң жүзеге асырылатын болады.

Кездесуде Нұралхан Оралбайұлы министрдің назарын бірқатар маңызды мәселелерге аударды. Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын субсидиялау механизмін жетілдіру, Ислам даму банкімен бірлескен жобалар арқылы облыстағы су инфрақұрылымын жаңарту және инвестициялық қолдауды арттыру ұсынылды.

Жиын барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен су саласына жауапты мекемелердің өкілдері вегетациялық кезеңнің барысы, ауыл шаруашылығы дақылдарының егісі және суару жағдайы бойынша кең көлемді есеп ұсынды.

Биыл облыс аумағында 890 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық. Оның ішінде 552 мың гектары суармалы алқап болып саналады. Суару жұмыстары шаруалардың сұранысына сәйкес ұйымдастырылып, вегетациялық маусым қалыпты жағдайда өтуде.

Су инфрақұрылымын жетілдіру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2023 жылы облыстық бюджет есебінен 43 шақырымды құрайтын 11 су нысанына (оның ішінде 10 канал – 2025 жылға өтпелі) күрделі жөндеу жұмыстары, ал 1350 шақырым қашыртқыларда 6 жоба бойынша механикалық тазалау жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 2,9 мың гектар жерге су жеткізіліп, 26,9 мың гектар жердің мелиоративтік жай-күйі жақсарды.

Ал биыл 5,4 млрд теңге бөлініп, 59 шақырымды қамтитын 13 су нысанына күрделі жөндеу және 21,8 шақырым қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары басталды. Сонымен қатар, республикалық меншікке қарасты нысандарда жалпы құны 122,8 млрд теңгені құрайтын 4 ірі жоба жүзеге асырылуда.

Су шаруашылығының материалдық-техникалық базасы да жаңартылып келеді. «Тұран су» мекемесі 2023-2024 жылдары 3,6 млрд теңгеге 60 арнайы техника сатып алды. Осы техникалардың көмегімен 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 533,4 шақырым канал механикалық тазалаудан өтті. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ағын судың тиімділігі артып, жерді игеру көрсеткіші жақсара түсуде.

Жиын соңында тараптар су ресурстарын үнемді пайдалану, шаруаларға қолдау көрсету және инфрақұрылымды жаңарту бағытында тығыз ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.

Бұл мәжіліс – Түркістан облысының ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ең бастысы, ұтымды және үнемді су пайдалану арқылы тұрақты даму жолына бет алғанының жарқын дәлелі.

Ұқсас жаңалықтар

2025 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесі Ақтаудың еншісінде

Шымкенттен Мюнхенге тікелей әуе рейсі ашылады

redaktor_rastimes

СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЕНДІРУГЕ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР ТАРТЫЛМАҚ

Пікір жазу