Түркістан облысы биылғы жылдың алғашқы бес айында ел экономикасының алдыңғы шебіне шығып, қарқынды өсім көрсеткішімен республика көлемінде 1-орынға тұрақтады. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 120,4 пайызды құрап, бұл – аймақтың даму әлеуетінің жоғары екенін айқын дәлелдеген межелі көрсеткіш. Өңір басшылығы жүргізіп отырған жүйелі жоспарлау, стратегиялық салалардағы тиімді басқару және инвестициялық белсенділік Түркістанды ел экономикасының локомотивіне айналдыруда.
Экономикалық өрлеудің негізгі тетіктері – тау-кен, өңдеу өнеркәсібі, уран өндірісі, құрылыс индустриясы және ауыл шаруашылығы салаларындағы елеулі ілгерілеу. Бұл бағыттарда атқарылып жатқан тың бастамалар мен ірі жобалар облыстың әлеуметтік-экономикалық көрінісіне тың серпін әкеліп отыр.
2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында Түркістан облысында өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 593 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға артқан. Бекітілген жоспар 105,5 пайызға артығымен орындалып отыр. Бұл көрсеткіштің тең жартысынан астамын өңдеу өнеркәсібі құрап отыр – 280,4 млрд теңге. Ал тау-кен өндірісінің үлесі 259,6 млрд теңгені құрады. Бұл салаларда қолданылып жатқан заманауи технологиялар, инвестициялық жобалар мен кадр әлеуеті өңірдің өндірістік қуатын нығайта түсуде.
Ауыл шаруашылығы – Түркістан экономикасының ажырамас бір бөлшегі. Бұл салада да биыл айтарлықтай оң нәтиже байқалып отыр. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 194,3 млрд теңгені құрап, 6,3 пайызға өсім тіркелді. Жергілікті шаруалар мен агроқұрылымдар заманауи агротехнологияларға бет бұрып, өнімділікті арттыруда.
Құрылыс саласында да айтарлықтай серпіліс байқалады. 117,4 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге артты. Жыл басынан бері 306,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Тұрғын үй құрылысы бойынша жоспар 125,5 пайызға асыра орындалды.
Сауда саласы да өңір экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Бес айда 269,7 млрд теңгенің сауда көлемі тіркеліп, бұл жоспарланған межеден 1,6 есеге артық орындалған. Аймақтың экономикалық тіршілігі мен тұтынушылық нарығының жандануына бұл сала айрықша серпін беріп отыр.
Тасымал мен логистика бағытында да айтарлықтай даму байқалады. Көлік және қоймалау қызметінің көлемі 209,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4 пайызға артқан. Бұл – ішкі нарықтағы логистикалық әлеуеттің артуы мен аймақтық байланыстың жақсаруының айғағы.
Байланыс саласы да өсімнен кенде емес. Қазіргі таңда өңірдегі телекоммуникация және цифрлық қызметтер көлемі 4,9 млрд теңгені құрап, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 15,2 пайызға артты. Бұл ақпараттық қоғамға бейімделу, заманауи инфрақұрылымды нығайту бағытындағы табысты қадамдардың жемісі.
Осылайша, Түркістан облысы – өз әлеуетін толықтай іске асырып келе жатқан, серпінді дамуға негізделген өңір. Экономикасы алға басқан, әлеуметтік көрсеткіштері тұрақты, инфрақұрылымы жетілген Түркістан алдағы уақытта да республика дамуының көшін бастап, ел игілігіне қызмет ететін табысты жобаларға жол ашпақ. Бұл жолда басталған істер мен қабылданған шешімдер өз нәтижесін беріп, өңірдің өркендеуіне зор үлес қосары сөзсіз.