Қазақ елінің рухани астанасы атанған Түркістан қаласы тағы бір тағылымды, мазмұнды мәдени шараның куәсі болды. Түркістан музыкалық драма театры төрт труппаның басын біріктірген ауқымды шығармашылық жобаны – «TMDT LIVE» кешін ұйымдастырып, сан түрлі өнер салаларын бір сахнада тоғыстырған жаңа форматтағы өнер мерекесін тарту етті.
Бұл кеш – театр ұжымының бір маусым бойы атқарған ерен еңбегінің қорытындысы ғана емес, заманауи өнер мен дәстүрлі сахна тілінің жаңа деңгейге көтерілгенінің нақты көрінісі болды. Драма, вокал, балет және «Түркістан» ансамблінің өнері үйлесім тауып, көрерменге эстетикалық ләззат сыйлаған кеш мазмұнымен де, формасымен де ерекшеленді.
Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, зиялы қауым өкілдері, мәдениет майталмандары, БАҚ журналистері және театрдың тұрақты көрермендері қатысты. Бұл – театр мен халық арасындағы байланыс тереңдеп келе жатқанын, өңірлік мәдениеттің даму үдерісінде көрерменнің орны айрықша екенін аңғартатын белгі.
Кештің шымылдығы театр репертуарындағы үзінділермен ашылып, одан әрі авторлық музыкалық шығармалар, сахналық этюдтер, заманауи хореографиямен жалғасты. Еркін форматтағы өнер кешінде поэзия, әзіл, пластикалық өнер мен көрерменмен тікелей қарым-қатынас элементтері көркем түрде үйлестіріліп, өнер мен өмір арасындағы шекараны жойғандай болды. Әр көрініс, әр ән, әр би – көрерменмен жаңа бір рухани диалогтың бастауы іспетті өрбіді.
Театр директоры Әлімхан Мырзахан кеш соңында сөз сөйлеп, жыл бойы театрды қолдап келген көрермендерге алғысын білдіріп, ерекше ықылас танытқан азаматтарға арнайы марапаттар табыстады. Сонымен қатар төртінші маусымдағы шығармашылық жұмыстарға тоқталып, театрдың жаңа бағыттағы ізденістерін атап өтті. Атап айтқанда, «Вальс королі» музыкалық драмасы, «Жалдамалы пәтер» музыкалық комедиясы, «Шейх Санаан. Фатум» драмасы, «Түркістан» ансамблінің гала концерті мен «Қара сөз» пластикалық спектаклі – бір маусым ішінде сахналанған бес жаңа премьера театрдың репертуарлық қорын ғана емес, рухани кеңістігін де кеңейтті.
Әрбір жаңа қойылым – тек сахналық оқиға емес, көрерменнің жүрегіне жол тапқан терең эмоциялық тәжірибе, сананы сілкіндірер өнер үні болды. Бұл – Түркістан театрының қалыптасқан ғана емес, дамуға ұмтылған, заманауи сахна тіліне жауап беруге дайын ұжым екенін көрсетеді.
Алда тұрған үлкен сынақтардың бірі – астаналық көрерменнің назарына жол тарту. Театр ұжымы 26-28 маусым күндері Астана қаласына гастрольдік сапармен барып, елордалық көрерменге «Шейх Санаан», «Вальс королі» және «Түркістан» ансамблінің бағдарламасын ұсынбақ. Бұл – өнер ұжымы үшін тек гастроль емес, кәсіби даму мен өзіндік шекараны кеңейту жолындағы маңызды белес. Бас қалада өнер көрсету – әрбір шығармашылық ұйым үшін мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік.
«TMDT LIVE» кеші Түркістанның мәдени тынысын жаңғыртып, өнердің өңірлік дамуына серпін берген кеш болды. Ел болашағын рухани жаңғыртумен тығыз байланыстыратын бүгінгі мәдени саясаттың нақты жемісі де осындай кештерден көрінеді. Түркістан театрының табысты жолы – жасампаз Қазақстанның жарқын келбетінің бір бөлшегі.