RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан өңірінде әлеуметтік нысандар қатары артып, ауылдарда мәдениет пен спортты дамытуға тың серпін берілуде

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік игіліктерге қолжетімділікті арттыруға бағытталған қос бірдей нысан – жаңа мәдениет үйі мен заманауи спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл нысандар Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, ауылдық елді мекен тұрғындарының мәдени және спорттық қажеттіліктерін өтеу мақсатында бой көтерді. Атап айтқанда, Боралдай ауылдық округіне қарасты Амансай елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 150 орынға лайықталған мәдениет үйінің құрылысы толық аяқталып, өз есігін айқара ашты. Заманауи үлгіде салынған бұл нысан шығармашылықпен айналысатын ауыл тұрғындары мен жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Ғимарат толықтай қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, түрлі үйірмелер мен қоғамдық іс-шаралар өткізуге бейімделген. Сонымен бірге, осы мәдениет үйінің ішінде ауыл тұрғындары үшін заманауи кітапхана да қарастырылып, руханият ордасына айналып отыр. Ал осы күні Алғабас ауылдық округіндегі Шақпақ елді мекенінде жаңа спорт кешенінің де ашылу рәсімі өтті. «Real Story Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған бұл жоба 2024 жылдың мамыр айында басталып, қысқа мерзімде аяқталған. Спорт кешені соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталып, ауыл жастары мен спортсүйер қауым үшін есігін айқара ашты. Ашылу салтанатында аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, аталған әлеуметтік нысандардың ауыл мәдениеті мен бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Бұл игілікті істер – елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту, өмір сапасын арттыру жолындағы жүйелі әрі нақты жұмыстың нәтижесі. Айта кету керек, бүгінде Бәйдібек ауданында спорт саласы да қарқынды дамуда. Аудан аумағында 238 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы мен 177 ашық спорт алаңы бар. Бұл көрсеткіштер өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан істердің ауқымын айқын аңғартады. Жаңадан пайдалануға берілген мәдениет үйі мен спорт кешені – ауыл келбетін көркейтіп, тұрғындардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда заңнаманы талдау үшін жасанды интеллект қолданылады

redaktor_rastimes

Кадр әзірлеу бағыттарын кеңейтуге Британ университеті әзір әрі мүдделі

redaktor_rastimes

ОРДАБАСЫДАҒЫ ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

redaktor_rastimes

Пікір жазу