RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан өнерпаздары республикалық додада топ жарды

Киелі өнердің туын биік көтеріп, жыр мен күйдің жарқын шеруіне айналған республикалық командалық айтыс мәресіне жетті. Түркі әлемінің мәдени астанасында – Ақтау қаласында өткен бұл үлкен өнер мерекесі биыл да салтанатпен ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген кіл мықтылардың басын қосты. Жоба былтыр бастау алған еді. Биылғы додаға еліміздің үш мегаполисі мен 17 облысынан жалпы саны 20 команда қатысып, өзара үздікті анықтады.

«Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» деген атаумен өткен шешуші кезеңде Түркістан мен Қарағанды облысының құрама командалары финалдық айтыста өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Айтыскер ақындармен бірге жыршы-термешілер, күйші мен дәстүрлі әншілерден құралған бұл топтар сахнада өнердің сан қырын паш етті. Қазылар алқасының шешімімен қос команда да тең дәрежеде өнер көрсетіп, жүлделі І орын мен «Алтын домбыраға» лайық деп танылды.

Түркістан облысы атынан қатысқан өнерпаздар додасы – өңірдің мәдени әлеуетінің биіктігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осы айшықты өнер мерекесінде Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, өңір намысын қорғаған команданы қолдап, сәттілік тілеп, сый-сияпат табыстады.

Шараның жоғары деңгейде өтуіне өнер мен мәдениетке жанашыр тұлғалардың үлесі зор болды. Аламанды айтыс ақыны, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Аманжол Әлтай жүргізіп отырса, қазылар алқасына белгілі жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Жүсіп Нұртөре төрағалық етті. Қазылар қатарында қазақ өнерінің майталмандары – Алмасбек Алматов, Айгүл Үлкенбаева, Мэлс Қосымбаев, Қалқаман Сарин, Айгүл Қосанова секілді танымал тұлғалар болды.

Түркістан құрамасының сапында – есімі елге белгілі өнер шеберлері. Команданы белгілі айтыс ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков бастап шықты. Команда жетекшісі – «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» Түркістан облысы филиалының төрағасы Тұрар Тлеулиев. Ақындар бапкері – тәжірибелі айтыскер Бекмұрат Анарбаев. Таныстырушы – Шахмардан Бекарысұлы.

Айтыстың әр саласында бағын сынаған дарынды ақындар құрамына Сүре айтыс бойынша Бекарыс Шойбеков, Қайым айтыста Қажымұхан Абзалов, Түре айтыста Дәурен Ақсақалов, ал Өтірік өлең айтысында Аян Ниязбек қатысты. Бұл өнер майданында олар тек сөз сайысына түспей, ұлттық рухты, халықтың мұңын, елдің үмітін жырға қосты.

Дәстүрлі өнердің басқа бағыттарында да Түркістанның төл перзенттері жарқырай көрінді. Оразәлі Жаңабай – дәстүрлі ән саласында, Руслан Ахинбеков – терме орындаудан, Аязбек Рустамов – жыршылық өнерде, ал Шыңғыс Исаев – күй орындауымен көпшілікті тәнті етті. Олар сахнада елдің мәдени мұрасын асқақтата көрсетіп, көрерменнің жүрегін елжіретті.

Бұл үлкен өнер мерекесі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асып, Маңғыстау облысы әкімдігі мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының бірлескен ұйымдастыруымен өтті.

Өнер мен руханияттың осынау аламан бәйгесінде Түркістан облысының ұлт өнеріне сіңірген үлесі орасан екенін тағы бір мәрте дәлелдеген бұл жеңіс – бүкіл өңірдің мерейін асқақтатқан айтулы оқиға. Еліміздің мәдени кеңістігінде өшпес із қалдырған өнерпаздарға тек сәттілік, шығармашылық шабыт пен рухани биіктерді бағындыруды тілейміз.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанның су саңлақтары ел чемпионатында елудей қарсыластың арасынан суырылып шығып, 30 медальмен өңір абыройын асқақтатты

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады

redaktor_rastimes

СПОРТ – САЛАУАТТЫ ҰРПАҚ КЕПІЛІ: СОЗАҚТА 200 ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу