RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан – өндіріс пен экспорттың жаңа белесі: импортты азайтып, отандық өнімді күшейту жолында тың бастамалар қолға алынуда

Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, өндіріс көлемін ұлғайтып, отандық нарықты қамту мен экспорттық әлеуетті арттыру бағытында ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің инвестициялық жобалар тізімін жасақтау тапсырмасы аясында өңірде нақты жұмыстар қолға алынып, бұл бастама облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында жүргізіліп жатыр.

Апталық аппарат мәжілісінде осы бағыттағы жұмыстар егжей-тегжейлі талқыланып, өңірдің экономикалық даму стратегиясы жан-жақты сараланды. Жиында сөз алған аймақ басшысы Түркістанның табиғи мүмкіндіктері мен өндірістік әлеуетін тиімді пайдалану арқылы елімізге кіріп жатқан импортты біртіндеп қысқартып, ішкі нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз ету қажеттігін қадап айтты.

— Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп саласында зор әлеуетке ие. Ендігі мақсат – бар саланы терең зерделеп, нақты жобаларға негізделген даму бағытын айқындау. Бізге формальді есеп емес, нақты нәтиже керек. Импортты алмастырып қана қоймай, экспортқа шығаратын өнім көлемін де арттыруымыз қажет. Бұл – өңірдің ғана емес, ел экономикасының да мүддесі, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов мәлімдегендей, бүгінде облыста импортты алмастыруға қатысты 6 сала, 31 өнім түрі бойынша кешенді талдау жүргізілген. Осы бағытта құны 707 миллиард теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба әзірленіп отыр. Оның 28-і 2025 жылы, 26-сы 2026 жылы және 11-і 2027 жылы іске асырылады деп жоспарланған. Бұл тек бастамасы ғана, жоба саны мен қаржылық ауқым алдағы уақытта ұлғая түспек.

Жүзеге асатын жобалардың ішінде алюминий профильдері мен жиһаз өндірісі, өнеркәсіптік тоңазытқыштар мен бейнебақылау камераларын шығару, кептірілген көкөніс пен жеміс-жидекті терең өңдеу, ауыл шаруашылығы техникалары мен жылу құбырларын жасау сияқты салалар бар. Бұл бағыттағы ірі кәсіпорындар толық қуатына енгенде, еліміздің көптеген салаларын импорттан азат етуге мүмкіндік туады. Мәселен, «Жасыл Суық Қазақстан» компаниясы арқылы еліміздегі тоңазытқыш құрылғылар импорты 48 пайызға дейін қысқарады деп күтілуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев өз кезегінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 10 негізгі бағыты белгіленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен жобалар жүзеге асып жатқанын баяндады. Қазіргі таңда сүтті терең өңдейтін және ет экспортына бағытталған кәсіпорындар іске қосылып жатыр. Алдағы уақытта құс шаруашылығын дамыту, көкөніс сақтайтын қоймалардың сыйымдылығын арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстар қарқын алады.

Бұл игі бастамалар, бір жағынан, ішкі нарықты жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті отандық өніммен қамтып, халықтың тұтынушылық сұранысын толықтай қамтамасыз етсе, екінші жағынан, отандық өнімдердің шетелге жол тартуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жобалар облыс тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті бюджет түсімдерін арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосады.

Түркістан облысы бүгінгі күні тек мәдени және тарихи орталық қана емес, өндірісі мен экспорты өркендеген қуатты экономикалық аймақ ретінде қалыптасып келеді. Ал қолға алынған жобалар мен бастамалар өңірдің дамуын жаңа белеске көтеріп, Қазақстанның өндірістік картасындағы Түркістанның орнын айшықтай түспек.

Ұқсас жаңалықтар

Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасы нәтижесін берді

redaktor_rastimes

Адал қызмет пен жанашырлық жолында: Түркістан облысында халықпен ашық диалог пен әлеуметтік нысандарды бақылау жалғасуда

redaktor_rastimes

ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі және Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы өтті

Пікір жазу