Түркістан – тек руханият пен тарихтың ғана емес, енді өндіріс пен индустрияның да ордасына айналып келеді. Жыл өткен сайын бұл қасиетті өңірде заман талабына сай зауыттар мен кәсіпорындар бой түзеп, өңір экономикасына тың серпін беруде. Аймақтың инвестициялық әлеуеті күшейіп, отандық және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалып отыр. Осындай серпінді жобалардың бірегейі – «Шағын өнеркәсіптік парк» бастамасы бүгінде өңірдің экономикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, жаңа жұмыс орындарының көзіне айналып отыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен Сауран ауданындағы шағын өнеркәсіптік паркте жүйелі жұмыстар қарқын алып, құрылыс алаңында жаңадан бой көтеріп жатқан өндірістік нысандар көз қуантады. Облыс басшысы өзі арнайы барып, құрылыс барысын қадағалап, жауапты тұлғалар мен мердігерлерге жұмысты жедел әрі сапалы атқаруды қатаң тапсырды. Сонымен қатар іске қосылған зауыттардың да жұмысымен танысып, жобаларды уақытында және тиімді жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
– Қазіргі таңда көптеген компаниялар өз жобаларын ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіруде. Сол себепті құрылыс нысандары – браунфилдтер сапалы әрі белгіленген мерзімде тапсырылуы қажет. Өндірістік парк аясындағы жұмыстар тікелей бақылауымда. Өңірдің өзіндік кірісін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты мақсат, – деді Нұралхан Көшеров.
Айта кетерлігі, Түркістан облысында алғаш рет 100 гектар аумақта ірі «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске қосылды. Ауқымды жобаның бірінші және екінші кезеңдері бойынша жалпы саны 152 өндірістік ғимарат салу, 308 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту және шамамен 6 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл – өңір тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен бастама.
Қазірдің өзінде 11 жоба іске қосылып, алғашқы кәсіпорындар жұмысын бастап кеткен. Нәтижесінде 790 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Биылғы жылдың соңына дейін тағы да 29 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар арқылы 136,8 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1 950 адамға жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Өндірістік парк аумағында халықаралық деңгейдегі жобалар да назар аудартады. Мысалы, «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) атты халықаралық компания жылына 140 мың дана тоңазытқыш өндіретін зауытын іске қосып үлгерді. Жалпы құны 60 миллион еуроны құрайтын бұл зауыт екі кезең бойынша жұмыс істейтін болады. Осындай ауқымды жобалар аймақтың инвестициялық тартымдылығын дәлелдей түсуде.
Бұдан бөлек, парк аумағында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері, ауыл шаруашылығына арналған тракторлар, сэндвич панельдер, кеңсе мен мектепке және медициналық мекемелерге арналған жиһаздар, ішкі есіктер, медициналық жабдықтар сынды сан түрлі өнімдер өндіріле бастады. Бұл – бір ғана өңірдің өнеркәсіптік қуаты мен өндірістік әлеуетінің қаншалықты жоғарылағанының айғағы.
Қытайлық «Avatar Agricultural Technology Development» компаниясы да Түркістанды болашағы зор аймақ деп танып, ауыл шаруашылығына қажетті дрондар шығаратын зауыттың құрылысын бастап кетті. Сонымен қатар, жақын болашақта сусыздандырылған көкөністер, электромагниттік шығын өлшегіштер, жиһаз, өнеркәсіптік суды өшіруге арналған клапандар, кептірілген жемістер мен көкөністер өндірісі жолға қойылмақ.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік әсері зор болғандықтан, бұл табысты тәжірибе өңірдің өзге де аудандарында жүзеге асырыла бастады. Атап айтсақ, Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Сайрам және Сарыағаш аудандарында осындай өндірістік парктер салу жұмыстары қарқын алған.
Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталып, алғашқы кәсіпкерлер өз жобаларын ұсынуда. Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық және Жүйнек ауылдарында 105 өндірістік нысан салу көзделіп отыр. Қазірдің өзінде бұл ауылдарда 22 ғимараттың құрылысы қызу жүріп жатыр.
Жалпы алғанда, Түркістан облысы көлемінде толыққанды инфрақұрылыммен жабдықталған 19 индустриалды аймақ, бірқатар шағын өндірістік парктер және 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Бұл аймақтарда бүгінде 52 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Қосымша 195,4 миллиард теңгені құрайтын 57 жоба аясында құрылыс жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысы өндірісті өрістетіп, экономикасын әртараптандырып келеді. Өңірдің инвестициялық ахуалы жақсарып, мыңдаған адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Индустрия мен инновацияның тізгінін ұстаған Түркістан – болашақта еліміздің өндірістік орталығына айналарына сенім зор.