RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарКәсіп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚОНАҚҮЙЛЕРДІҢ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ЖАҚСАРҒАН

Тарих пен руханияттың алтын бесігіне айналған Түркістан өңірі бүгінде тек діни және тарихи мұраларымен емес, сонымен қатар туризм саласындағы серпінді дамуымен де жұрт назарын аударып отыр. Елдің рухани орталығына айналған киелі Түркістанға келуші отандық және шетелдік туристердің қатары жыл сайын артып, өңірдің туристік әлеуеті күннен-күнге артып келеді. Қасиетті қала мен оның айналасындағы орындар тек тынығуға емес, танымға, түйсікке, тарихқа сапар шеккісі келетін жандар үшін тартымды мекенге айналып отыр.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында 68 қонақүй мен хостел, сонымен қатар 160-қа жуық қоғамдық тамақтану орындары келушілерге қызмет көрсетуде. Бұл орындардың ішінде халықаралық талаптарға сай салынған, беделі биік брендтерге тиесілі қонақүйлер де бар. Атап айтқанда, «Rixos Turkistan», «Karavansaray», «Ramada by Wyndham» және «Hampton by Hilton» секілді қонақүйлер Түркістанның туристік келбетін айшықтап, қонақтарға әлемдік стандарттардағы қызмет ұсынып келеді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың қатысуымен өткен жиында қонақүй және мейрамхана иелерімен ашық пікір алмасу болып өтті. Бұл кездесуде саладағы негізгі мәселелер мен оларды шешу жолдары егжей-тегжейлі талқыланды. Пікір алмасу барысында Жолдасов мырза өңірдің туризм саласындағы даму қарқынына тоқталып, көрсетілетін қызмет сапасын жетілдіру қажеттігін баса айтты. Ол сөзінде:

– Бүгінде облыс орталығы – Түркістанда халықаралық туризм екпінді түрде дамып келеді. Шет елдерден келетін туристер саны өсіп жатыр. Бұл, әрине, қонақүйлер мен мейрамханалар үшін мол табыс көзі. Алайда, табысты тұрақты ету үшін қызмет сапасы жоғары деңгейде болуы шарт. Қонақтар өзін жайлы сезінуі керек. Осы орайда тіл білетін, білікті мамандардың жетіспеушілігі де – өзекті мәселе. Біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жол картасын жасап, тұрақты мониторинг жүргізетін боламыз. Түркістанның абыройы – бәрімізге ортақ. Сол себепті бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетіледі, – деді.

Ал Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңірдің туризм саласындағы табысы 25 миллиард теңгеге жеткен. Бұл салада бүгінде 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 9,8 миллиард теңгені құрады.

Көптен күткен жобалар қатарында «Lords Heir», «Khan Palace 2», «Yassy Hall and Apartments» қонақүйлері мен «Болашақ құрылыс» ЖШС-нің демалыс аймағы бар. Бұл жобалардың бірқатары жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, облыс аумағында туризм бағыты бойынша 47 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспары бар. Түркістан қаласындағы Күлтөбе қалашығының абаттандырылуы да осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі болып отыр.

Туризм басқармасы тарапынан туристердің пікірі мен ұсыныстары тұрақты түрде әлеуметтік желілер арқылы зерттеліп, жүйеленіп отыр. Талдау нәтижесінде кейбір қызмет көрсету орындарында бірқатар олқылықтар анықталған. Атап айтқанда, қызмет сапасы, тазалық, гидтердің кәсіби біліктілігі бойынша сын-пікірлер айтылған. Осыған орай тиісті түзету шаралары қолға алынып, 2025-2027 жылдарға арналған даму жоспарына нақты мақсаттар енгізілді. Бұл жоспар аясында кадр даярлау, сервис стандарттарын енгізу және туристік нысандардың сапасын арттыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылмақ.

Басқосуға қатысқан Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев облыста туризм саласына қатысты кәсіпкерлер кеңесі құрылғанын және оның құрамында 40-қа жуық кәсіпкер бар екенін айтты. Кеңестің отырыстары тұрақты өтіп, онда өзекті мәселелер мен оларды шешудің жолдары талқылануда. Сонымен қатар, Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Карабаева қызмет сапасын арттыру үшін семинарлар мен тренингтер өткізуді ұсынды.

Кездесуде жергілікті кәсіпкерлер өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, субсидия, кәріз жүйесі және кадр тапшылығы сынды мәселелерді қозғады. Барлық айтылған ойлар мен ұсыныстар ескеріліп, оларды шешу бойынша нақты жұмыстар атқарылатыны жеткізілді.

Түркістан – қазірдің өзінде туристердің бағы болып отырған өңір. Болашақта бұл өңірдің шетелдік саяхатшылар үшін ғана емес, қазақстандықтар үшін де басты демалыс және таным мекеніне айналуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Қонақжайлық пен сапалы қызмет көрсетудің үйлесімі Түркістанды әлемдік туризм картасындағы ең ерекше нүктеге айналдыруы әбден мүмкін.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖЕЛКЕНДІ СПОРТ ШЕБЕРЛЕРІ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРДЫ

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Солтүстік Македония Республикасының Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

redaktor_rastimes

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ТҮРІКМЕНСТАН ХАЛК МАСЛАХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ГУРБАНГУЛЫ БЕРДІМҰХАМЕДОВПЕН БЕЙРЕСМИ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

redaktor_rastimes

Пікір жазу