Түркістан облысы индустриялық-инвестициялық даму жолында тағы бір маңызды бастама көтеріп отыр. Өңірге шетелдік және отандық капитал тарту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасын тауып, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қатысуымен ірі жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Соның бірі – «Resource Invest» компаниясымен өткен маңызды кездесу.
Кездесу аясында облыс басшысы мен шетелдік инвесторлар өндірістік салада әріптестік орнатып, металлургия бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Облыс әкімі өңірде инвестициялық климаттың қолайлы екенін, әкімдік тарапынан қажетті инфрақұрылым мен қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
– Түркістан облысында инвесторларға барынша жайлы жағдай жасалған. Біз жобаларды бірлесе іске асырып, өңір экономикасын өркендетуге мүдделіміз. Мақсатымыз – өндірісті көбейту, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту. Ұсыныстарыңыз жан-жақты қаралып, тиісті шешім қабылданады, – деді Нұралхан Көшеров.
«Resource Invest» компаниясының өкілдері – Евгений Клюев пен Яшар Латыев, сондай-ақ осы компанияда қызмет ететін Италия елінің азаматы, кәсіпкер Вессио Раффаэле Түлкібас ауданында металл кластерін дамыту туралы ұсыныстарын ортаға салды. Олар ұзақмерзімді жоба ретінде 2024 жылдан 2032 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын металлургия зауытын салу бастамасын таныстырды. Жоба толық іске асқанда кәсіпорын жылына 403,2 мың тонна дайын металл өнімін шығаратын қуатқа ие болмақ.
Бұл зауыт – тек өндіріс емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор үлес қосатын бірегей нысан болмақ. Алдын ала есептеулер бойынша, жаңа өндіріс орнында 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл – тек Түлкібас ауданы үшін ғана емес, жалпы Түркістан өңірі үшін үлкен серпіліс.
Облыс әкімі жоба нақтыланып, негізгі кезеңдер айқындалған соң арнайы Жол картасын әзірлеу қажеттігін айтты. Бұл құжат жобаның жүйелі жүзеге асуын қамтамасыз етіп, барлық жауапты құрылымдардың жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Металлургия – ел экономикасының күретамыры саналған сала. Сондықтан мұндай өндірістің Түркістан өңірінде қолға алынуы – тек өңірлік емес, республикалық маңызы бар бастама. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашып, экспортқа бағытталған өнім көлемін арттырып, Түркістанның өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы инвестициялық тартымдылығы жағынан алдыңғы қатардан көрініп отыр. Өңірде 19 индустриалды аймақ, арнайы экономикалық аймақтар, шағын өндірістік парктер мен заманауи инфрақұрылым жүйелері құрылып, кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасалған. Енді осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, ірі өндірістік жобаларды іске асыру – негізгі басымдықтың бірі.
Түлкібастағы металлургия зауыты – болашақтың жобасы. Ол іске асса, Түркістан облысы еліміздің ауыр өнеркәсібі бағытында жаңа тарихи белеске қадам басары анық.