Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер мен жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар табысты іске асырылуда. Осы ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Келес ауданында 12 жобаның жүзеге асырылуы аймақтағы тұрақты даму мен тұрғындардың өмір сапасының сапалы жақсаруына елеулі серпін береді.
Атап өтер болсақ, Жүзімдік Бірлік және Ақтөбе ауылдық округтерінде ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл маңызды жобалар пайдалануға берілген соң 1805 үй мен 13 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен қамтылып, ауданның барлық елді мекендері жыл соңына дейін 100 пайыз сумен қамтамасыз етіледі. Мұндай ірі шаралар тұрғындардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауылдық жерлердегі тұрмыстық мәселелерді түбегейлі шешуге бағытталған.
Сонымен бірге, су тапшылығы мәселесін толық шешуге арналған ірі әрі стратегиялық жоба – Өгем өзенінен Келес ауданына су жеткізу бастамасы іске қосылды. Қазіргі таңда аталған жобаның құжаттары әзірленуде және жоспарға сәйкес жобалау жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталып, құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Бұл жоба инвесторлардың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып, құрылыс мерзімі үш жылды құрайды. Оның нәтижесінде оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы түпкілікті шешіліп, Қазығұрт Сарыағаш Келес Мақтаарал және Жетісай аудандары үздіксіз таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды кезеңі, мемлекеттің халыққа көрсететін қамқорлығының нақты көрінісі. Түркістан облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында қолға алынған бұл жобалар өңірдің болашағына сенімді қадам болып табылады және елдің тұрақты дамуына зор үлес қосады.